Мақала 22.11.2016 Әулиекөл- айналайын, құтты мекен, Өзіңнен жер асылы өтті ме екен, Білмеймін жастық шақта сені қиып, Көліңнен қалай ұшып кеттім екен,- деп жырлаған белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, сатирик-жазушы Ғұмар Ғарифұлының ағымдағы жылдың 22 қараша күні 75 жас мерейтойы қалалық «Мирас» мәдениет сарайында атап өтілді. Сатирик, татар ұлтының өкілі Ғұмар Ахметшиннің Қостанай өңіріне ғана емес, елімізге аты мәлім. – Сатира жанры қай уақытта да қоғамдағы жат қылықтарды, дамуға кесел болып отырған жайларды сынап-мінейді, оларды болдырмауға тырысады. Қасқырды даланың санитары десек, сатираны қоғамның санитары деу керек, міне осындай мерейтой иесінің «Көзі сынық тебен», «Көзілдіріктің кесірі», «Қолды болған қораз» және «Ұмытшақтық зобалаңы» атты кітаптары жарық көрген. Үндемей жүріп күлдіріп, бүлінгенді сөз сойылымен түртіп түзетіп жүретін жазушы жетпістің бесеуіне келсе де әлі шығармашылық тұғырдан таймағаны ширақ сөзі мен жүрісінен көрініп тұр. Академия курсанттары да алдыңғы буын ағамыз Ғ. Ахметчинның І. Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері орындаған «Бұл кім», «Ауыздар бар», «Қара сиырын қарқа ұттырып», «Ей, баға», «Ауруханада» сықақ өлеңдері мен «Қостанай перзенттері», «Арқаның ару ақ қызы» және т.б әндерін тыңдап Ғұмар ағамыздың өмір жолына арналған көрмеге куагер болып қайтты. Тәрбие жұмысы бөлімі