Қазақ тілінің қызмет тіліне айналуы өзімізге байланысты

«Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен
өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады.
Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес,
алдымен өзін қамшылауы тиіс».

Қазақстан Республикасының Президенті
Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына
Жолдауынан.

 

Тіл саясаты – мемлекеттік саясат. Ол, сонымен қатар, елдің берік арқауы әрі саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ететін ықпалды күш те. Сондықтан, мемлекеттік тілдің барлық салада пайдаланылып, үстемдік құруына қол жеткізілуі тиіс. Сонымен қатар, еліміздегі мемлекеттік тіл саясатының нәтижелі іске асырылуы – әртүрлі ұйымдар мен мекемелердегі мемлекеттік тілдің жай-күйіне де тығыз байланысты екенін атап өткен жөн. Яғни, әрбір ұйымның басшысынан бастап, қатардағы қызметшісіне дейін функционалдық міндеттері мен күнделікті ісқағаздарын қазақ тілінде жүргізуге шындап кіріскенде ғана тіл саясаты оң нәтиже бере бастамақ. «Қазақстан-2050 стратегиясында» да осы жайттарға баса мән берілген. Онда: «Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту» болып табылатыны атап көрсетілген.

Мемлекет басшысының 2050 жылға дейінгі стратегиялық дамудың жаңа саяси бағытын белгілеп берген Жолдауындағы мемлекеттік тіл жөніндегі ережелерді іске асыру аясында, Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында да бірқатар кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.

Мәселен, ішкі істер органдарының қызметінде мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тілді оқыту сабақтары ұйымдастырылып өткізіледі. Академия қабырғасында қазақ тілінде оқып, білім алатын топтар мен курсанттардың саны да біртіндеп артып келеді. Мысалы, 2015 жылы күндізгі оқыту факультетінің бірінші курсына оқуға түскен курсанттардың білім алу тілін таңдауына жасалған талдауға сүйенсек, оқуға қабылданған 250 курсанттың 170-і (68%) қазақ тілінде білім алғысы келетінін көрсетсе, 80-і (32%) орыс тілінде білім алуды таңдаған. Осыған сәйкес қазақ тілінде білім алушылар – 9 топты, орыс тілінде білім алушылар – 5 топты құрады (2014 жылы 283 тыңдаушы оқуға қабылданды, қазақ тілінде білім алушылар – 9 топқа (64%), орыс тілінде білім алушылар – 6 топқа (36%) бөлінген). Бұл мемлекеттік тілде білім алғысы келетін курсанттар санының жыл санап артып келе жатқанын көрсетеді.

«Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» деп Сәкен Сейфуллин атап көрсеткендей, ісқағаздарының қазақ тілінде жүргізілуі қазіргі таңда жақсы жолға қойылған. Атап айтсақ, Ішкі істер министрлігіне және басқа да ведомстволарға жолданатын барлық есептер мен ақпараттардың, хат-хабарлардың (арыз-шағымдардан басқа) және ішкі құжат айналымының мемлекеттік тілде болуы қамтамасыз етілген. Сонымен қатар әрбір қызметкердің құжаттарды мемлекеттік тілде өз бетінше әзірлеуі және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімдері, кеңселер, ақпарат беру бөлімдерінің шығыс құжаттарының қазақ тіліндегі нұсқасы болмаса тіркеуге қабылдамауы назарда ұсталып, бақыланады. Сондай-ақ аумақтық ішкі істер органдарының, оқу орындарының мемлекеттік тіл және ақпарат бөліністері қызметшілерінің қазақ тілінде әзірленген немесе қазақ тіліне аударылған құжаттарға редакциялық сараптама жасайтыны ескеріліп, оларға құжаттарды мемлекеттік тілге аудартуға жол берілмейді.

Тіл тынысының ашылып, қолданылу ауқымының артуы үшін, түрлі сипаттағы мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастырып өткізу маңызды. Осы мақсатта Академия қабырғасында 2016 жылдың 28 қаңтары күні «Қазіргі кезеңдегі жоғары оқу орындары студенттерінің тілдік даярлығын жетілдіру мәселелері» атты on-line әдістемелік семинар өткізілсе, 25 ақпанда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арналған «Жыр жүйрігі – Мұқағали» атты әдеби-сазды кеш болып өтті. Ал 9 наурызда ішкі қызмет генерал-лейтенанты Шырақбек Қабылбаевтың туған күніне орай «Өнегелі ғұмыр» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, белгілі ақын Серікбай Оспанов және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты. Осы шараның қонағы, танымал ақын Нағашыбай Мұқатов оқу орнының мемлекеттік тілге қатысты ұстанымын жоғары бағалап, қатысып отырған әріптестері атынан Академия басшылығына жүрекжарды алғысын білдірді. Қазақ тіліндегі мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретін болады. Мысалы, 17 наурыз күні ұлты қазақ емес қызметкерлер арасында «Үздік аудармашы» сайысын өткізу жоспарланып отыр.

Ел Президентінің «Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын» деп аталатын еңбегіндегі қазақ тілінің «…мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін қолдан келгеннің бәрін істеу қажет» – деген байламы әр кез басшылыққа алынатын болады, өйткені қазақ тілінің қызмет тіліне айналуы өзімізге байланысты.

 

 

Құрбанәлі Елмұратов,
Мемлекеттік тіл бөлімшесінің
бастығы