Спортшыларымыз жеңіспен оралды

Самбоның саңлақтары көрініп биік тұғырдан,
Ұлы халқым үміт еткен ел қорғайтын өр намысты ұлынан.
Оралды сол ұландар қанжығаға байлап алтынды,
Жеңіспен мәз-мейрам ғып ағайын жұрт халқымды,-

дей отырып, ағымдағы жылдың 20-24 желтоқсан күндері аралығында Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында Қаракерей Қабанбай бабамыздың мемориалына арналған ерлер мен әйелдер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан өткен Қазақстан Республикасының кубогы өтті. Бұл кубокта өз бақтарын сынауға республикамыздың түкпір-түкпірінен 16 команда, 350-ден астам спортшы келіп, сайысқа түсті. Соның ішінде Қостанай облысының атынан барған ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары да бой көрсетті.
Сайысымыздың алғашқы күндері спортшыларымыз аянбай өз өнерлерін көрсетіп, нәтижесінде мынадай көрсеткіштерге қол жеткізді:
57 келі салмақ дәрежесінде 3-курс курсанты Бәшір Ғасырбек және 82 келі салмақ дәрежесінде 3-курс курсанты Галимов Аңсарбек 2-орынды иеленіп, күміс жүлдегері атанды.
68 келі салмақ дәрежесінде 3-орынға 4-курс курсанты Білім Әлібек табан тіреп, қола медалін қанжығасына байлады. 52 келі салмақ дәрежесінде 3-курс курсанты Әбдіқұл Нұрзат 3-орынды иеленіп, спорт шеберіне үміткер атағына қол жеткізді.
Жарысымыздың соңғы күндері ел кубогының иегері атағына еліміздің мен-мен деген ең мықты 8 командасы сайысқа түсті. Соның ішінде Қостанай облысы командасы жарқ етіп топ жарып, басқа командалардан басым түсіп жеңіс тұғырына көтеріліп, командалық есепте 1-орынды иеленді. Біздің курсанттарымыз өз салмақ дәрежесінде қарсыластарын уақытынан бұрын айқын басымдылықпен ойсырата жеңіп, спорт шебері атағын қанжығаларына байлады.
Чемпиондарымызды атап айтсақ:
4-курс курсанты — Мамыров Мирзат;
4-курс курсанты — Білім Әлібек;
3-курс курсанты — Бәшір Ғасырбек;
3-курс курсанты — Сейтмаханбет Рахат.
2019 жылды үздік нәтижелермен қорытындылаған спортшыларымыздың жаттықтырушылары Ержан Айтбайұлы Кабидуллиновке және Руслан Тұрсынұлы Кутымбаевке өз алғыстарын білдіріп, болашақта бұдан да биік белестерді бағындыратын чемпиондарды дайындап шығатындарыңызға сенеміз деп алғыстарын білдірді.

Жауынгерлік және дене дайындығы кафедрасының оқытушысы
полиция лейтенанты
Р.Кутымбаев