Рақымжан Қошқарбаев (1924-1988 жж.)- Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық қаһарманы. 1924ж.19.10. Ақмола облысы, Ақмола ауданы, Тайтөбе ауылына жақын орналасқан Қырыққұдық қыстағында дүниеге келген. Ол ата-анасынан ерте айырылды: 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 1942ж. әскерге алынып, 1944ж. қазанда Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін тәмамдап, кіші лейтенант шені берілді. 1944ж. I Белорусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатынасты. Рақымжанның майдандағы соғыстарға қатысуы мерзімді баспасөзде және көркем әдебиетте жан-жақты жазылды. Берлиннің өзінде болған соғыстарда ол өзінің взводымен ең алдыңғы шептерде болды, Шпрееге- соңғы сулы бөгетке және Король алаңына-«Гитлердің үйіне» бірінші болып жетті.

«Гитлердің үйінде» барлау взводының командирі, лейтенант Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл туды тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық берілді. Жалауды оған батальон командирі Давыдов және саяси жетекші Васильченко табыс етті. Рейхстагқа ол Григорий Булатов деген солдатпен бірге жетті және бұйрықты орындап, Рейхстагтың фронтанына туды тікті. Бүл сәуірдің 30-ы күні 18 сағат 30 минутта болған еді. 1958ж. 21 ақпанда «Лениншіл жас» газетіне К.Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» очергі жарық көрді. Ол Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. 1988ж. 10 тамызда Алматы қаласында Кеңсай зиратында жерленген. Р.Қошқарбаев «Целиноград қаласының құрметті азаматы», «Балқаш қаласының құрметті азаматы», «Арқалық қаласының құрметті азаматы» атақтарымен марапатталған. ҚР Президентінің 1999ж.07.05. жарлығымен оған қайтыс болғаннан кейінгі ең жоғары ерекшелік дәрежесі-Халық Қаһарманы атағы берілді. 2015ж. Жеңістің 70 жылдығына орай Целиноград облысының аудан орталығы Ақмол ауылында жерлестер Целиноградтық Р.Қошқарбаев пен Т.Бегелдиновке бюсттер орнатылды.