Ілияс Жансүгіров – ақын, драмашы, прозашы, қоғам қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының тұңғыш төрағасы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1894ж. Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болған. Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды.

Поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэма қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. І.Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі — «Жолдастар» романы. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Елімізде бірнеше мектепке, көшеге, ауданға, елді мекенге, Талдықорған қаласындағы Жетісу мемлекеттік университетіне І.Жансүгіровтың есімі берілді. 1994 жылы университеттің қарсы алдындағы алаңға ақынның қоладан құйылған ескерткіші орнатылды. Талдықорғанда ақынның өмірі мен шығармаларына арналған әдеби-мемориалдық мұражай жұмыс істейді.