2024 жылғы 13 сәуір күні шертпе күйдің шебері, өнер қайраткері, сондай-ақ қазақ елінің күй өнерінің шоқ жұлдызы, қазақ даласының еркіндігін жырлаған, елдің мұңын қозғаған Аққыз әжеміздің туған немересі Болат Жұматайұлы Тәкішев Қазақстан Республикасы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының құрметті қонағы болды. Болат ағамыз оқу ордамыздың тарихи-ғылыми деректерге, мәдени құндылықтармен мұраларға жинақталған музейге экскурсия жасады. Музейге экскурсия жасау барысында, ұлы жазушы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері М. Әуезовтің тапсырысы бойынша арнайы жасалған киелі, қасиетті домбыраны көріп таң қалды. Бұл қазақтың домбырасын әнші, жазушы, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменов қамқоршы ағасы, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал Шырақбек Қабылбаевқа сыйға тартқан. Киелі домбыраны Болат ағамыз қолына алып, пернелерден әуез іздеп, шебер тартты. Академияның болашақ полиция қызметкерлеріне патриоттық қасиеттері мен қызметіне адал болуларына, сапалы біліммен бірге тәлімді тәрбие алуына, алдына қойған мақсаттарына сәттілік тілеп, құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңбасын қалдырды.