Бүгін Түркістандағы түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ірі ғалым, публицист, тарихшы, дипломат Рысқұлов Тұрар Рысқұлұлының туғанына 129 жыл.

Тұрар Рұсқылов Түркі халықтарының бірлігі мен тұтас Түркістан идеясы үшін күрес жүргізген біртуар тұлға. Түркістан халықтарының саяси құқықтары мен бостандығы, олардың сырттан ауып келген еуропалықтармен теңдігі және Шығыстағы революция мәселелері туралы келелі ой-пікір білдірген теоретик пен ойшыл. Коминтерннің Моңғолиядағы өкілі ретінде дипломатиялық әрі эмиссарлық қызмет атқарып, Моңғолияның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуына ерен еңбек сіңірген елші.

Тұрар Рысқұлов – ХХ ғасырдың алғашқы жартысында түркі жұртынан шыққан аса ірі саяси тұлға, қоғам және мемлекет қайраткері болды. Кеңестер Одағы құрамындағы түркі халықтарының саяси бостандығы мен экономикалық өркендеуі үшін көп еңбек сіңірді. Ол өз замандастарының ортасында аса беделді болды. Кеңестер Одағының саяси элитасы, түркі-мұсылман қайраткерлері, Алаш зиялылары Тұрар Рысқұловты құрмет тұтты.

Т. Рысқұлов – ірі ғалым. Ол «Түркістандағы РК(б)П Мұсбюросы», «Жетісу мәселелері», «Ленин және Шығыс халықтары», «Революция және Түркістанның жергілікті тұрғындары», «Орта Азия түздіктерінің 1916 жылғы көтерілісі», «Қазақстан», «Қырғызстан», «Түріксіб», «Жаңа кезеңдегі коммуналдық шаруашылық» және т.б. 20-дай кітаптың, 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы.