— Қазақстанның Конституциясы − мемлекеттің басты құжаты. Адам да, қоғам да өзгереді, сол себепті Конституцияда да заман талабына сай өзгеріс болуы – заңдылық. Ең бастысы – Конституцияның негізі, яғни азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет, адам құқығы мен мүдделері қорғалуы туралы ұстаным өзгермеуі керек -дейді өз сөзінде Қостанай академиясының ардагері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл.

Еркін Аманжолұлы 20 жылға жуық Қостанай академиясының дамуына ерекше үлес қосқан отставкадағы әділет подполковнигі, 2009-2016 жылдары Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының ғылыми жұмыс және шетелдік байланыс жөніндегі проректоры, 2016-2020 жж. Ө. Сұлтанғазин ат. Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, қазіргі таңда Мемлекет тарихы институтының директоры қызметін атқаруда.

Ардагер Академия қабырғасында қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің күндізгі оқыту факультетінің бастығы қызметін атқарды. Ол кісі атқарған жылдары Академияның білім саласына айтарлықтай үлесін қосты. Мыңдаған курсанттар сапалы білім нәрімен сусындалды.

Бүгінгі таңда 200-ден астам ғылыми жарияланымның, оның ішінде 30-ға жуық монографияның, 26 оқулық пен оқу құралдарының, ISI, Scopus базаларына кіретін журналдарда 10-ға жуық мақаланың авторы. ЖОО-ның 2014 жылғы үздік оқытушысы.

Спикердің ойынша, биылғы өткен референдум еліміз үшін үлкен мүмкіндіктерге ашқан жол болды дейді.
-Еліміздің басты құжатына енген өзгерістерден кейін барлық заңдарға да өзгерістер енгізілгені анық. Конституциялық реформалар, оған өзгертулер мен толықтырулар енгізу әлемдік тәжірибеде қалыптасқан үрдістердің бірі. Сол себепті менің ойымша, бұл соңғы өзгерістер емес. Жүйелі түрде бұл өзгерістер Жаңа Қазақстанымыздың кемел болашағына оң әсерін тигізері сөзсіз-деп атап өтті.

Сұқбат соңында қонағымыз оқырмандарға мереке қарсаңында өзінің жылы лебізін білдірді.
-Барша қазақ елін, өзімнің жерлестерім қостанайлықтарды және Академия ұжымын Конституция күнімен құттықтаймын. Әрқашан Қостанай академиясының түлектері профессорлық-оқытушылар құрамының мақтанышы болсын. Себебі Конституция бұл барлық құқықтық жүйенің негізі, ал осы құқықтық жүйені жүзеге асырып жатқан біздің Академия түлектері. Сондықтан түлектеріміз тек биік шыңдардан көріне берсін. Тәуелсіз елімізде бейбітшілік болсын