Ішкі істер министрлігінде алты айдың жұмысы қорытындыланған алқа отырысы өтті. Алғаш рет ашық форматта ұйымдастырылған шараға Қостанай академиясының басшылығы мен жеке құрамы да қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі істер органдарына жүктеген тапсырмаларына тоқтаған министр Марат Ахметжанов елдегі қылмыстық ахуал, отбасындағы зорлық, мал ұрлығы, алаяқтық, есірткі мен жалған нөмірлер туралы айтты. Әсіресе, министр мал ұрлығына тоқталып өтті. Бұл – Президент назар аударған ауыл халқы үшін өзекті мәселе. Министр Марат Ахметжанов жергілікті әкімдіктермен учаскелік полицейлер тығыз жұмыс істеуі керектігін де тілге тиек етті.

Ашық форматта өткен алқалы жиында министр ішкі істер органдарын цифрландыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес, сондай-ақ елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарына да тоқталды. Өңірдегі полиция департаменттерінің басшыларына көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, негізгі міндеттерді еске салды. Басты талап – ашықтық пен халыққа жақын болу.