Қылмыстық құқық және жазаны орындауды ұйымдастыру кафедрасының аға оқытушысы, полиция майоры Аманат Мұрат соғыс ардагері,  нағашы атасы жайлы

Нағашы атам -Ермек Төлепбаев 1912 жылы Ұлытау аймағына қарасты Қарсақ Қарсақбай жерінде дүниеге келген. 1927 жылдары Сыр бойына келіп, «Жаңатұрмыс-4» ауылына орнығады. Мұнда алғашқы серіктестерді ұйымдастыру жұмыстарына қатыса жүріп, Ликбез ( Сауатсыздықты жою) оқуларын оқып, бастауыш білім алады. Осында ауылшаруашылығы серіктестерінің бір-біріне жақын орналасу ыңғайларына қарай біріктіріліп ұйымдастырылған  алғашқы жеті майда ұжымдық шаруашылықтың бірі- «Бетпаққара» ұжымшарына 1930 жылы мүше болып еніп, егіншілік жұмыстарына басшылық жасайтын бригадирлікке тағайындалады.

1935 жылы осы шаруашылықтың басқарма төрағасы болып, оны 1938 жылға дейін басқарды.осы жылы Қарақожа, Жаңатұрмыс, Батпаққара атты майда шаруашылық қосылып, ірілендірілген Жаңатұрмыс шаруашылығында бригадир болып, егін егу, оны күтіп баптау, өнімдерін ысырапсыз жинау жұмыстарына басшылық етті.

1942 жылы Кеңес әскері қатарына Отанымызды гитлерлік фашистік басқыншылардан қорғауға шақырылып,  алдымен Өскемен жерінде дайындық жаттығуларынан өтеді. 1943 жылдан 1945 жылдың маусымына дейін 125 атқыштар полкі құрамында атқыш болып, фашистермен шайқастарға қатысады. Беларуссияны, Балтық бойы республикаларын жаудан қорғап,  Шығыс Пруссияны жаудан босату шайқастарына қатысады. Одан әрі Польша қалаларын жаудан босату барысында ауыр жараланып, госпитальға түсіп емделеді. Екінші дүниежүзілік соғыс Кеңестер одағының жеңісімен аяқталғаннан кейін елге қайтарылып, мұнда тағы бейбіт еңбекке араласып, Отанымыздың байлығын арттырумен 1976 жылы зейнеткерлікке шығады.

Екі майдан ардагері атанады. «Отан соғысы» орденімен, «Жеңістің отыз жылдығы», «Жеңістің қырық жылдығы», » КСРО қарулы күштерінің 60 жылдығы» медальдарымен марапатталған. Ардагер атам 1996 жылы 12 наурызда 84 жасында дүниеден озды.

 

#ретроспектива