1 желтоқсан – Тұңғыш Президенті күні

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай, 2018 жылдың 1 желтоқсанында Күндізгі оқыту факультетінің 3 курс курсанттары арасында Академияның саптық алаңында салтанатты жиын өткізілді. Іс-шара барысында 3 курс бастығы полиция подполковнигі Ә.Ә. Тажмұханов курсанттарды Еліміздің Тұңғыш Президенті  күнімен шын жүректен құттықтап, өз құттықтау сөзінде Елбасымыздың кемеңгер саясаткер екенін және бүгінгі күні барлық еңбек жігерін қазақ елінің туын биік, әрі берік ұстауына арнап келе жатқанын сөз етті. Бұл іс-шарада Академияның, сонымен қатар курстың қоғамдық жұмыстарына, қоғамдық өміріне белсене қатысып, ат салысқан курсанттарды Академия бастығының мадақтамаларымен, алғыс хаттарымен марапаттап және де кіші құрамның арнайы атақтары табыс етілді.




Сонымен қатар, аталмыш іс-шарадан кейін елімізге еңсе тіктетіп, халқымызды әлемге танытып, абыройын асқақтатқан Елбасының ерен еңбегін, Ұлт көшбасышысының жасаған еңбектерін, жеткен жетістіктерін өскелең ұрпаққа жеткізу мақсатында Елбасымыздың өмірі туралы бейнежазба көрсетілді. Жалпы, аталмыш мерекеге байланысты ұйымдастырылған барлық іс-шаралардың негізгі мақсаты –курсанттарды елін сүйген, елі сүйген Елбасынан үлгі алуға тәрбиелеу,сондай-ақ Елбасының халықтың алуан салалы тіршілік-тынысын терең білу, маңдай тіреген проблемалардың ең елеулісін тап басып тани алу, ел ішіндік және әлемдік ахуалдармен санаса отырып батыл әрекеттерге бару, сол жолда таңдалған бағытын табандылықпен жүзеге асыра білетін басты қасиетін курсанттардың бойына дарыту.



3 курс курсанты

Э. Канатчина