Имандылық — тәрбие негізі

Еліміздің болашағы, елімізді көркейтетін сенімді келешегі – білімді де тәрбиелі ұрпақ. Еліміздің ертеңін сеніп тапсыратын жастарымыздың білімді де саналы, ақылды да асқақ ойлы болуына біздің тікелей қатысымыз бар. Ел болашағын ойлайтын ұрпақтың тек қана білімді ғана емес, тәрбиелі, иманды болуы қажет екендігі анық.

Елбасы Н. Назарбаев «Болашақ — білімді жастар қолында» деп болашақты жастарға сенеді. «Отан отбасынан басталады». Отанына адал, сенімді азаматтарды тәрбиелеу жолында ата-анамен қоса, мектептегі мұғалімнің, тәрбиешінің, оқу орындарындағы оқытушының, жалпы айтқанда, әр азаматтың үлесі орасан зор.

Жастардың болашағына, тәрбиесіне мән беріп, өсиетті өскелең ұрпақты ел қамын ойлар азамат етіп, ертеңін сенетін ер ету жолында мемлекет тарапынан болсын, білім ұйымдары тарапынан болсын жасалып жатқан істер аз емес.


Қазіргі таңда болып жатқан ауыр қасіретті апаттар мен ауыр дерттерден сақтану жолында жастардың санасын, ақыл-ойын тура жолға қою мақсатында Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 2-3 курстар курсанттарымен «Имандылық – тәрбие негізі» тақырыбында Облыстық Марал ишан мешітінің жастар ісі секторының жауапты өкілі Балахмет Әлішер Ертайұлы және діни проблемаларды зерттеу орталығының теологы Назаров Расул Айбекұлымен кездесу өткізілді. Сондай-ақ, кездесуге Академия тарапынан қызметкерлер: ӘГП кафедрасының аға оқытушысы, полиция майоры Б. Алпеисов, 1 курс магистранты әділет подполковнигі  Б. Наурызбаев, 2-3 курс бастықтарының орынбасарлары, полиция майоры Т. Баймағанов, М. Кабылдин қатысты.

Кездесу барысында шақырылған қонақтар адам баласының тура жолдан адаспай, ақыл-есі түзу азамат болуы жолындағы ақыл-өсиеттерін айтып, курсанттардың сұрақтарына жауап берді.

Қоғамды шырмаған қиындықтар мен адамға асылған дерттерден сақтануға үйрету, өскелең ұрпақты мәдениет мәйегінен алшақтамай өсуіне жол ашуымыз біздің міндетіміз. Ол үшін рухани құндылықтарымызды ұрпақ санасына ендірген абзал.

201 оқу тобының кураторы

полиция аға лейтенанты

А. Мұрат