Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай ұйымдастырылған айтулы  іс-шара

Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан асыл салтымыз. Бұл жандардың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдары біз үшін, әрине, орны бөлек.  Қазақ халқының ұлттық менталитетінің бір жарқын бейнесі қаншанда үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету болып табылады.

1 қазан – Халықаралық қарттар күні атаулы мерекесіне орай 2018 жылдың 30 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының күндізгі оқыту факультетінің 3 курс курсанттары курс басшылығының бастамасымен және ұйымдастыруымен ішкі істер органдарының отставкадағы подполковнигі, ардақты ардагер Мурзагулов Есмагамбет Садвакасовичті қарттар күнімен шын жүректен құттықтады.

Аталмыш іс-шара барысында Есмагамбет Садвакасович курсанттарға ішкі істер органдарындағы қызметі жайлы айтып берді. Атаулы мейрам кезінде еске алып құттықтап келген 3 курс курсанттарына отставкадағы подполковник өмірде тек қана сәттілік және болашақ ішкі істер органдарындағы қызметте қайтпас қайсарлық, шыдамдылық және мінсіз қызмет тіледі.

Осылайша курсанттарымыз ардагерді өздерінің ізгі тілектерімен және кішігірім сыйлықтарымен көңілін бір көтеріп, қуантып қайтты. Ал, жалпы ұйымдастырылып отырған іс-шарамыздың негізгі мақсаттарының бірі ол — курсанттарды тәрбиедегі маңызды салалардың бірі — сыйластыққа, ізеттілікке, инабаттылықпен адамгершілікке баулу, үлкендер мен қарт адамдарды құрметтеуге тәрбиелеу, сонымен қатар туған жеріне адал қызмет ету.

Бүгінгі таңда, мемлекетіміз қарттарға үлкен көңіл аударып, жан-жақты қамқорлық жасауда. Еліміздің көркейіп, гүлдене өсуі, құрметті  қарттарымыздың тынбас еңбек етулерінің арқасы деп білеміз. Қарияларымыздың өмір жолдары бұл – болашақ ұрпақ үшін, яғни біздер үшін табылмас байлық.  Әрқашанда қарттарымыз аман болсын!

КОБ 3 курс курсанттары

\