«Білікті маман – 2018»кәсіби шеберлік сайысының 3-ші кезеңі өткізілді

Өз ісінің нағыз шебері – бұл өзге адамдардың қолынан келмей жатқан істерді сүйсініп, бар ынта-жігерімен тырысып бағатын адамдарды айтамыз. Алайда, өз ісінің нағыз шебері атану оңай емес. Кез келген адамның еншісіне бұйыра бермейтіні белгілі. Сондықтан нағыз маман атану үшін бар күшіңді салып, тырысып бағу керек. Академия курсанттарының да арасынан дәл осындай өз ісінің нағыз шеберлерін анықтау қиынға соғады. Десек те, Академия қабырғасында оқытылып жатқан мамандықтары бойынша «үздік» деп танылған курсанттар таңдалып кәсіби шеберлік сайысына қатыстырылды. Кәсіби шеберлік сайысы әр түрлі бағыттарда жүргізілді. Яғни, аталмыш сайысқа қатысушы курсанттар ең алдымен дене және атыс дайындығы бойынша нормативтер тапсырып, содан кейін ғана оқытылып жатқан пәндер бойынша білімдерін тексеру мақсатында тәжірибелік тапсырмалар, есептер шешілді. Осыған байланысты  2018 жылдың 24 сәуірінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының №1 дәріс залында күндізгі оқыту факультеті, тәрбие жұмысы бөлімімен 1,2,3 курс курсанттары арасында жыл сайынғы дәстүрлі IV «Білікті маман – 2018» кәсіби шеберлік сайысының 3-ші қорытынды кезеңі өткізілді. 3-ші қорытынды кезең бойынша курсанттар оқытылып жатқан мамандықтары негізінде, яғни «Педагогика және психология», «Құқық қорғау қызметі», «Әлеуметтік жұмыс» мамандықтары бойынша байқауда бақ сынасты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деп танылған белсенді курсанттарымыз байқау барысында үш кезең бойынша шеберліктерін көрсете білді.

Бірінші кезең – «Таныстыру», яғни әрбір қатысушы курсант өзін-өзі таныстыру мақсатында әділ қазылар алқасы мен көрермендердің назарына  визит карточкасы мен бейнероликтер ұсынып жатты. Келесі кезең –«үй тапсырмасы». Берілген тапсырма бойынша сайысқа қатысушы курсанттар көрініс арқылы Ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби этикасын көрсетулері тиіс еді. Қатысушылар көрермен назарына әр түрлі жағдайлардағы ІІО қызметкерлері мен сотталғандардың арасындағы қарым-қатынасты көрсете білді. Мысалы, тергеу әрекеттері барысында қызметкердің өзін-өзі ұстау ережелері, әдеп кодексінің сақталуы жайлы көріністер ұсынылды. Және соңғы үшінші кезеңнің атауы «Сұрақ-жауап» сайысы. Аталмыш сайыс ережесі бойынша курсанттарға сұрақтар қазақ тілінде  және орыс тілінде қойылды. Барлық сайысқа қатысушылар бар өнерлерін ортаға салды десек артық емес, әрине. Себебі, «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деп танылған бұл курсанттарымыз кәсіби заңгер ретінде өздерін тек жақсы жақтан ғана көрсете білді. Заңдылықты сақтау, қызметтік тәртіп пен Әдеп кодексі ережелерін қатаң сақтаумен қатар бұл сайыс арқылы курсанттардың шығармашылық өнерлерінің бар екені де байқалды. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылған курсанттар 2018 жылдың 3 мамырында марапатталады.

Жалпы «Білікті маман» атты кәсіби шеберлік сайысына келер болсақ, Академиямызда дәстүрге айналған бұл ауқымды іс-шара жылдан-жылға жоғары деңгейде дамып, жетілдіріліп келуде. Және аталмыш іс-шара өзге де курсанттардың оқуға деген ерік-жігерлерін  ынталандыра түседі деген ойдамын.

Академия курсанттарының баспасөз қызметі,

Полиция қатарындағы

Эльмира Канатчина