Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қоғамдық сана-сезімді жаңғырту элементі ретінде

2018 ж. 9 наурызда Академияның күндізгі оқыту факультетінің 2 курсының 204 тобының курсанттарымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру қоғамдық сана-сезімді жаңғырту элементі ретінде» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге курсанттар өздерінің баяндамаларын әзірлеп, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» Заңдарының ережелерін талқылады.

Атап айтатын болсақ, Қасен Әйгерім «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл: жаңа шаралары» атты баяндамасына презентация әзірлеп, өзінің курстастарында жемқорлықтың қоғамға әкелетін зардаптары мен салдарын түсіндірді. Болашақты байлайтын қауіпті індетті жою үшін қандай шаралар қолданылып жатқанын, Заңның принциптері қалай орындалып жатқанын және шетелдік тәжірибенің тиімді жақтарын түсіндіріп кетті.

Ал Әмірхамза Аягөз «Жемқорлықтың таралу себептері мен қазіргі жағдайы» атты баяндамасымен бірге сауалнама әзірлеп, курсанттардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын сауалнама арқылы бақылауға тырысты.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін салдарын көрініс арқылы көрсетіп, ойланбай жасалған әрбір іс-әрекет өздерінің болашағына қаншалықты әсер ететінін түсінуге тырысты.

Курсанттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын тұлғаларды марапаттау мен қорғау тәртібін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын жүзеге асыру бойынша елімізде жүргізіліп жатқан құқық қолданушылық тәжірибесін, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын алдын алу мәселелері мен осы саладағы жетістіктері жайында талқылады.

ҚҚАҚжК кафедрасының аға оқытушысы

полиция майоры Суйеубаева З.М.