Жарты миллион теңге тауып алған Академия қызметкерлері алғысқа бөленді

Өмір болған соң кейде жақсылық пен жамандық, ақ пен қара бірге жүретіні баршамызға аян.

Абай атамыз өзінің ғибратты бір сөзінде «Тәрбиеге көнетін жалпы халық емес, жеке адам, оның дара ерекшеліктері. Жеке адамға ақыл, мінез, іс, адамшылықты сақтайтын ұят — намыс керек» дегенді айтады.

Расында бала тәрбиелегенде бойына намыс, қайрат-жігерді қоса сіңіре білгенде ғана, болашақта ол баладан адами қасиеті мол жақсы азамат шығатыны сөзсіз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекерден бекер айтпаса керек. Менің бүгінгі жазар ойыма себепші болып  отырған тақырып — адами қасиет, жақсылық жайлы болмақ. Оның ішінде иығына шен таққан полиция қызметкерлерінің жақсылығы мен қамқорлығы жайында сөз қозғамақпын.

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда адамдардың полицияға деген оң көзқарасы әлі де толық қалыптаса қоймаған. Оған күнделікті ғаламтордан оқып отырғанымыздай, азаматтар мен полицияның арасындағы өзара түсініспеушілік оқиғалары да себеп болуда.

Тіпті өз басым ғаламторды ақтарып, полиция қызметіне айтылған жақсы сөздерді оқиын десем де, еш таба алмадым. Мұның өзі осы салада қызмет атқарып жүрген адамдарды қатты қынжылтатыны сөзсіз.

Қазіргі таңда Елбасымыз, Үкімет мүшелері полицияның беделін көтеру жолында көптеген игі істер атқарып жатыр. Сонда да полиция арасында келеңсіз оқиғалардың жиі кездесіп қалатыны көңілге күйбің орнатады. Тіпті полиция қызметкері қарапайым адаммен шиеленіскен істі шешуде (әсіресе жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінде жиі кездеседі) неше жерден мәдениетті, өзін салмақты ұстап тұрса да қарапайым халық оларға нақақтан- нақақ қара күйе жағудан әлі арылар емес. Бұл, әрине өтпелі кезеңнің уақытша құбылысы ғана деуге болады.

Ал енді негізгі әңгіменің байыбына көшер болсам, кеше ғана болған қарапайым азамат пен полиция қызметкері арасындағы оқиға. Былай қарап отырсаң еш ерлікке жатқызуға болмайды. Ал, полиция қызметкерлерінің жасаған ісі адами фактордың ең жоғарғы деңгейі десем, артық айтқандық болмас.

Әңгіменің желісі былай, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев  атындағы Қостанай академиясының қызметкері полиция майоры Ерболат Қайнар мен магистратураның бірінші курс магистранты полиция капитаны Нұрдәулет Мырзазияев көшеде бөгде адамның қалта әмиянын тауып алады. Ол әмиянның ішінде біреудің маңдай терімен тапқан жарты миллион ақшасының болуы кім-кімді де қызықтырмай қоймасы мүмкін емес. Осы әмиянды тауып, ішіндегі ақшаның бір тиынына дейін түртпей, иесіне қайтарып беруі адамгершілік, имандылық емей немене?…Бұл оқиғаға кейінірек қайта ораламын. Осы бір жерде «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жас та болса істің мәнін оң шешетін Ерболат Қайнар туралы бірер сөз жазғанды жөн көрдім.

Жалпы Ерболат Қайнар — Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Ол отбасында екі қыздан кейінгі ұл, одан кейінгі бір інісі бар. Ерболатты мен өз басым курсант кезінен білетін едім, тәлім-тәрбиесі мол азамат. Қазіргі таңда Академияда бірге қызмет атқарамыз. Осы уақытқа дейін Ерболат Қайнардың жаман қылығын, теріс істерін еш байқап көрмеппін. Жұмыс барысында өзін жауапты әрі сауатты қызметкер ретінде көрсете білді.

Жас та болса, істің адамы. Қазіргі таңда докторлық ғылыми атағын қорғау үстінде. Алға қойған мақсаты да жетерлік. Жалпы, бір сөзбен айтқанда, «үлкенге ізет, кішіге құрмет» көрсете білетін ақжарқын жан.

Енді басты оқиғаға қайта оралайын. Аталмыш оқиғаның қалай болғанын менің бүгінгі кейіпкерім өз ауызынан көпшілікке айтып берсін.

— Ерболат Ержанұлы, оқиға қалай болды?

 — Мен туысқан інім Нұрдәулетпен үйдің жанында жерде жатқан әмиянды тауып алдық. Басында жерден алуға қымсынып, қорыққанымыз  шындық. Өйткені қазіргі заманда аяқтан шалатын адамдар саны көбейіп кетті ғой. Бәрінің көзіне топырақ шашудан аулақпын. Сондай істің құрбаны болмайық деген оймен кідіріс жасадық. Дегенмен, Нұрдәулет жерде жатқан әмиянды көтеріп алып, ішінде құжаты бар ма деп қарады. Ашсақ, әмиянның ішінде 500 мыңнан астам теңге бар екен. Және де әмиян иесінің төлқұжаты, басқа да құнды құжаттар бар. Сосын екеуміз әмиян иесін іздестіріп, қайтарып беруді жөн санап, ғаламтор, таныс-тамырларға қоңырау шалып, 2-3 сағаттай іздестіру шараларын жасап, иесін таптық. Телефон арқылы сөйлескенде, әмиянды жоғалтып алған адам, қайда түсіріп алғанын есіне түсіре алмай, қатты қиналды. Сосын біз әмиянды тауып алғанымызды айтып, жақсы хабарды естірттік. Сосын әмиянын алуға келетін жерді белгіледік. Біршама уақыттан соң күткен қонағымыз келіп, әмиянын қарап, ішін тексеріп, бір тиыны да жұмсалмағанына және де құжаттарының орнында болғанына ризашылығын білдіріп, етене таныса кеттік. Міне, осылай кішкене ғана жақсылық жасаймыз деп, Нұржан (әмиянның иесі, ол аты жөнін толық жазбауды өтінді) бауырымыздан үлкен алғыс алдық.

— Егер сұғанақ саусағымызды сұғып, пендешілікке салынып, әмиян ішіндегі қаражатты жұмсайтын болсақ, басымыздағы қаржыға тірелген мәселені шешіп тастар едік. Біздің бар ойымыз, үйдегі кішкене балаларымыздың тағдырын, мектеп, Академия қабырғасындағы ұстаздарымыздың санамызға сіңірген тәрбиесін ойлап, арам қадамға баруға адами қасиетіміз жібермеді, — дейді, Ерболаттың сөзін жалғай жөнелген інісі  Нұрдәулет Тайжанұлы.

Міне, осы бір жағымды жаңалықты естіп, менде құр алақан отырмайын деп, қолыма қалам алып, кейінгі жастарға, полиция қызметкерлеріне үлгі болсын деген оймен жазып отырмын.

Ерболат пен Нұрдәулеттің әңгімесі шындыққа жақындай түссін деп, әмиян иесі Нұржан бауырыммен кездесіп, әңгімелестім.

— Мен Академия қызметкерлері Ерболат пен Нұрдәулет бауырыма шексіз алғысымды білдіргім келеді. Осындай азаматтарды өмірге әкелген ата-анасына, өмірде азамат болып қалыптасуына себепші болған академия ұстаздарына ризамын. Егер де қомақты соманы жұмсап, маған қайтармағанда не болар еді. Қазақта «қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген жақсы сөз бар ғой. Бұл қаражаттың маған қайта бұйырып, иман жүзді адамдардың қолына түскені, үйдегі бала-шағамның несібесі, өзімнің адал еңбегіммен тапқан наным деп ойлаймын. Бұл жігіттер Полицияға тән ерлік жасап, қоғамдағы полицияның беделін арттыруға үлес қосты деп ойлаймын. Егер көшедегі араққа сылқия тойған алқашқа бұйырса не болар еді, — деп жымиды Нұржан.

Міне, жарты күнге созылған жарты миллион теңгенің оқиғасы осылай жақсылықпен аяқталғаны әмиян иесі Нұржан үшін және Академия үшін де үлкен абырой болғаны баршамызды қуантты.

 Менің бұл оқиғаны жазып отырған себебім, мына құйтырқысы көп қилы заманда адамгершілік қалыптан ауытқымай, бөгде адамға жақсылық жасауға жаны асығып тұратын  Ерболат пен Нұрдәулеттің ерлігіне дән риза болдым. Бұл үлкен сауап деп аузымызды толтырып айта аламыз.

Сөзімнің соңын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың   «Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса – ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады» деген қанатты сөзімен аяқтағым келеді. Елімізге адал қызмет ететін, айбарлы ұрпағымыз көп болсын, ағайын.

Академияның баспасөз қызметі,

Мейрам Оспанов