Қостанай академиясында жауынгерлік самбодан жастар арасында Республикалық чемпионаты өтті

2017 жылдың 25-26 қараша күндері аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының спорт кешенінде академик Шайсұлтан Шаяхметовты еске алуға арналған жауынгерлік  самбодан 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Қазақстан Республикасының дәстүрлі чемпионаты өтті. Шайсұлтан Шаяхметов — самбо күресінен спорт шебері атағын алған тұңғыш қазақ, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Білім министрі.

Аталмыш іс-шараға еліміздің түкпір – түкпірінен 200-ден астам жас спортшылар жиналды.

Дәстүрлі чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының атақты жаттықтырушылары, команда жетекшілері, Қазақстан Республикасы спорт және дене шынықтыру істері комитетінің, Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Сергей Николаевич Бачурин қатысты. Сергей Николаевич жарысқа қатысушы барлық спортшыларға сәттілік тілеп, жарыс чемпионатын ашық деп жариялады.

Жарыстың қолдаушысы академик Шайсұлтан Шаяхметовтың інісі, «Союз ТС» ЖШС бастығы Какимбек Хамитұлы Сейдалин, ал жарысты қатарынан абыроймен ұйымдастырып жүрген Қостанай қаласы әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұржан Бегайдарұлы Ермағамбетов және жарыстың биік деңгейде өтуіне ат салысып жүрген Шырақбек Қабылбаев атындағы қсотанай академиясының бастығы полиция генерал-майоры Мирлан Ахмедияұлы Қызылов және академия ұжымы болды. Ашылу рәсімі басталысымен еліміздің гимні орындалып, туымыз көтерілді.

Жарыс – өте тартысты әрі қызықты өтті. «Ер жігіттің туы – намыс» деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтып кеткендей күрескен балуандар боз кілемнің үстінде намысын қолдан жібермей, қарсыластарына дес бермей, барынша күш – жігерлерін салып күресуге тырысып бақты. «Жауырыны қақпақтай, білектері тоқпақтай» — деп батырлар жырында жырланатын жігіттер осы спортшыларды айтуға болады. Себебі, бұл жігіттер бар күш – жігерлерін боз кілемнің үстінде қарсыластарының қанаттарын қақтырмай жеңіске жету үшін бағыттаған болатын. Әрбір спортшының мақсаты – міндетті түрде жеңіске жету, жеңімпаз атану және жүлделі орынды иелену еді.

Академиямыздың курсанттары да бұл жарыста өздерін ерекше көрсете білді. Өзіндік аса бір ерекшелігі бар спорттың бұл түрі адамның денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады.

Тартысты жарыста жанкүйер қонақтардың делебезін қоздырған академияның 4 курс курсанты Мақсат Жаппар мен 3 курс курсанты Рүстем Ермекұлының айқасы  көпшілікті бей-жай қалдырмады. Екеуіде намысты қолдан бермей, күштері жеткенше жеңілмеуге тырысты. Бозкілем үстінде  өзін ширақ ұстап, қарсыласынан ұпай санымен басым түскен Мақсат Жаппар  жеңіске жетті.

Дүбірлі дода аяғында күші басым түскен,  жеңіс тұғырының төріне көтерілген балуандар бозкілемнің үстінде күш – жігерлерін шыңдай отырып, көрсеткен нәтижелері бойынша марапатталды. Сонымен, жарыста жеңімпаз атанған балуандардың нәтижелері төмендегідей;

— 52 келі дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші орынды атыраулық Еркебұлан Қуанғалиев, 57 салмақ дәрежесінде ақмола облысының балуаны Иса Бердібаев, 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші орынды астаналық  Бейбарыс Бауыржанов, 68 салмақтан алматылық Азамат Рақымбаев, 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бірінші орынды Қостанай академиясының 4 курс курсанты Мақсат Жаппар және 82 келіде Қостанай академиясының курсанты Нұрбол Құрбан, 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жүлделі орынды алматылық Константин Солдатов, ал 100 келі салмақ дәрежесінде 1-ші орынды қостанайлық Темірлан Сапаров иеленді. Аса ауыр салмақ дәрежесі 100-ден жоғары салмақта қостанайлық Талғат Жиентаев жеңіп алды.

Үстіміздегі жылдың 26-29 қаңтарда Астана қаласында өтетін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған әлем кубогінің жарысына  қатысуға академияның бір топ курсанты Рүстем Ермекұлы, Темірлан Сапаров, Бексұлтан Оразымбетов, Қажығали Қожабеков Баққтияр Болатов, Нұрбол Құрбан кезекті жолдама алды.

Бұл жеңіс – үздіксіз, жоғары деңгейдегі дайындықтарының жемісі. Әрине, бұл сын спортшылар үшін оңайға түспегені анық. Десек те еліміздің жас спортшылары бақтарын сынап, бұл сыннан лайықты әрі сүрінбей өтті деуге әбден болады.















Академияның баспасөз хатшысы Мейрам Оспанов