ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ!

Сол бір сұрапыл жылдары қан майданға бір миллион екі жүз мың Қазақстан азаматы аттанды. Олардың жартысынан көбі елге оралған жоқ.Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ жауынгерлері ерліктің ерен үлгісін көрсетті.Барлығы бес жүзге жуық қазақстандық Кеңес одағының батыры атанды. Отан үшін отқа түскен ардагерлерімізді еске алып көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсету кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы.

Ұлы Отан соғысының Жеңіс күні қарсаңында Қазақстан Республикасы ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының КОФ 103-оқу тобының курсанттары топ жетекшісі полиция майоры Қайнар Ерболат Ержанұлымен қолына қару алып қан майданға аттанған аталарымыздың бірі, әскери әуе күштерінде қызмет атқарған авиация старшинасы Барышов Алексей Наумовичті Жеңістің 72 жылдығымен құттықтап,өскелең ұрпаққа жарқын болашақ сыйлағаны үшін алғысын білдіріп қайтты.Алексей атамыз курсанттарды құшақ жая қарсы алды.

Қарт майдангер өткен күннің қиын шақтарын еске алды. 1941 жылы «соғыс басталды» деген суық хабар жеткен,осылайша ол да қанды қырғынға аттанды.Әңгіме барысында Алексей Наумович сұрапыл соғыстың қиын күндерін көзіне жас ала отырып еске алды.Қиын күндерді басынан өткергеніне қарамастан Алексей атамыз әлі күнге дейін қазақстанның патриоті ретінде үлгі көрсетуде. Сөз арасында ардагеріміз балаларының Ресейге көшу жөніндегі өтінішіне қарамастан өмірінің соңына дейін Қазақстан Республикасында қалатынын айтып қалды.Бізді шығарып саларда атамыз оны ұмытпай, Жеңіс күнімен құттықтағанымыз үшін зор алғысын білдірді.

Қанша қорлық көрсе де ардагер атамыз қиындыққа төзді,үміттің нәзік қолын үзбеді.Сенім мен жігердің, төзімділік пен Отансүйгіштіктің арқасында Алексей атамыз осы жылдың қараша айында 90 жылдық мерейтойын атап өтпекші екен.

Бірлік пен батылдық бірігіп жеңіс күнін тойлатты. Сол уақыттың өткеніне де 72 жыл толды. Ұлы отан соғысының сұрапыл жылдарын қанша көмескілеуге тырысса да, келер ұрпақ көкейінде ол мәңгі сақталады, ер есімі-ел есінде жатталатыны келешек ұрпаққа мәлім екені белгілі.

103 – топ курсанттары және топ жетекшісі

полиция майоры Е.Е. Кайнар