Академияда Тәуелсіздік мерекесі аталып өтті 

Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн.

Тәуелсіздік — халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Тәуелсіздік — халықтың тойы, елдің тойы. Қалың Қазақ, алты алаш туған күн, мерейтой.

Осы мерейтойдың бір көрінісі ретінде 2016 жылғы 14 желтоқсан күні өткен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясындағы еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараны айтуға болады.

Салтанатты шараға Академияда қызметкерлердің біліктілігін арттырып жатқан «Қазақстандағы қылмыстық әділ сотты жетілдіру» ЕО жобасының қызметкерлері шетелдік қонақтар қатысты.

Салтанатты кеште Академияның бастығы полиция полковнигі Мирлан  Ахмедияұлы Қызылов барша қонақтарды және Академия қызметкерлерін төл мерекеміз  Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қ. Қасымовтың атынан келіп түскен құттықтауды оқып, мерекеге байланысты марапаттарды иелеріне тарту етті.

-Құрметті әріптестер, офицерлер мен курсант мырзалар! Баршаңызды Ұлы дала елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрды. Сол себепті, Тәуелсіздік күні – баршамыз үшін, күллі қазақстандықтар мен әлемнің барлық қиырындағы қандастарымыз үшін ұлы мереке.

Халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне ие болғанымызға биыл 25 жыл толып отыр. Осындай мерейлі шақта еліміздің гүлденіп-көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген Сіздерді Ұлттық мерекеміз Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Әр ұлт, әр халық үшін тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Еліміз алып, құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды.

Құрметті әріптестер, көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болсын. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін.

Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын, -деді Мирлан Ахмедияұлы.

Салтанатты кеште еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай көптеген азаматтар мемлекеттік және ішкі істер министрлігінің одан қалды Академия деңгейіндегі марапаттарға ие болды. Қазақстан Республикасы мемлекетінің қалыптасуына, егемендігінің нығаюы мен әлеуметтік – экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны үшін  «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен Академия бастығы полиция полковнигі Мирлан Қызылов, Заң институтының бастығы полиция полковнигі Андрей Владимирович Брылевский және Академияның ғылыми кеңесінің ғалым хатшысы полиция полковнигі Сергей Николаевич Бачурин марапатталды.  Ал ІІО және Ұлттық гвардияның Қазақстандық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы академияның ардагерлері Татьяна Николаевна Зюбанова және Жағалбай Қарышұлы Салькеевке табысталды.

«Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері» кеуде белгісімен Академия бастығының орынбасары Ербол Төлегенұлы  Қаппасов марапатталды. Бұдан басқа да көптеген марапаттаулар болды. Оның ішінде мерзімінен бұрын арнайы атағын алған Академия бастығының орынбасары Ақан Жақыпбекұлы Нұрышев полиция  полковнигі шенін алды.

Марапатқа марқайған әріптестерімізді құттықтаудан кейін, Академияның ең құрметті екі қызметкері полиция полковнигі Руслан Бекмағамбетов пен полиция подполковнигі Қарлығаш Беркенованы құрметті зейнеткер демалыстарына шығарып салды. Салтанатты кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

15_01_1 15_01_2 15_01_3

15_01_4 15_01_5 15_01_6 15_01_7 15_01_8 15_01_9 15_01_10