Дін өкілдері Академияда қонақта

Кеше Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында «Ислам және зайырлы қоғам» атты діни семинар өтті.

28_08_1
Семинарға Академияның басшылығы, тұрақты және ауыспалы (курсанттар) құрамы мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Уағыз насихат бөлімінің басшысы, Ғұламалар кеңесінің хатшысы PhD докторы – Ершат Ағыбайұлы Оңғаров, Қостанай облыстық мешітінің бас имамы, сонымен қатар қалалық мешіттің имамы және облыстың аудандарынан келген өкіл имамдар қатысты.

28_08_2
Келелі бас қосуда алғаш сөз алған Академияның бастығы полиция полковнигі Мирлан Қызылов келген қонақтарды Академияның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып, Академияға есімі берілген мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант (ІІ рангілі ішкі қызмет генерал-лейтенанты), ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Шырақбек Қабылбаевтың өмірінен сыр шертті.

28_08_3
Мирлан Ахмедияұлынан кейін облыстық Марал Ишан мешітінің бас имамы Бақытбек Нұрғабылұлы сөз алып, аталмыш семинар туралы түсіндіріп, Астанадан келген Ершат Ағыбайұлын көпшілікке таныстырды.
Ершат Оңғаров, семинарға қатысушы курсанттарға және қонақтарға;
«- Қазіргі таңда елімізде діни ахуал біршама тұрақтанды. Дегенмен
әлі де құқық қорғау органдарымен бірлесіп, көптеген жұмыстар атқарылу керектігін тілге тиек етті. Біздің бүгінгі семинарымыздың тақырыбының өзі біраз жайды аңғартады. Өйткені елдің бірлігін, ынтымақтастығын, татулығын сақтап қалу үшін, адамға алдымен күшті иман керек. Иманды ұрпақ тәрбиелеу ол бүгінгі қоғамда ауадай қажет. Сондықтан «Ислам және зайырлы қоғам» құру үшін, Сіздер мен біздер ауыз біршілікте жұмыс жасауымыз қажет. Бүгінгі таңда көптеген қандастарымыз теріс ағымды, жалған исламдық қозғалыстарға кіріп кетуде. Бізге солардың алдын алып, бауырларымыздың адаспауына жол бермей, ислам діні туралы дұрыс ақпарат таратуымыз қажет» — деді.

28_08_4
Жалпы тағылымы мол семинар жиналған құқық қорғау қызметкерлеріне және жас буын өкілдеріне көптеген тәлім-тәрбие берді. Тіпті курсанттар мен әріптестердің қызығушылығы сондай, көкейлерінде жүрген сан алуан сұрақтарымен, ұсыныстарымен бөлісіп, семинардың көркін қыздырды.
Екі сағатқа созылған семинарда құқық қорғау органдарының болашақ қызметкерлері – жас курсанттарға ислам діні туралы насихаттық ақпарат толықтай жеткізілді.

28_08_5
Семинар соңында, келген қонақтар академияның мұражайын аралап, оқу орны туралы көптеген тарихи ақпараттарға қанық болды және Шырақбек Қабылбаев ескерткішінің алдында естелік фотосуретке түсті.

ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы
Қостанай академиясының
баспасөз хатшысы Мейрам Оспанов