ҚАЖ департаменті қызметкерлерімен бірлескен көшпелі отырыс

Ағымдағы жылғы 1 наурызда Академияның ішкі істер органдарында әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру кафедрасының ұйымдастыруымен Қостанай облысы ҚАЖ департаментінің пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің қызметкерлерімен бірлескен көшпелі отырыс өтті. Отырысқа пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы әділет майоры Р.Ж. Мурзатаев, осы бөлімнің аға инспекторлары әділет майоры Д.Ғ. Мендыбаев, әділет майоры А.З.Медыбаев, әділет майоры Р.К.Сейтов қатысты. Күн тәртібінде ҚАЖ үшін мамандар даярлау мәселелері бойынша сұрақтар қарастырылып, қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды.

Болашақ кәсібі саласында кәсіби мәні бар білімді тереңдету, іс жүргізу құқығындағы тәжірибелік мәселелерді шешумен нормативтік құқықтардың сараптамасын жүргізуді қоса алғандағы, мамандық бойынша іскерлік пен дағды көлемін кеңейту, құқық қорғау органдарының жедел қызметіндегі іскерлігі мен білімін қалыптастыру, арнайы пәндерді оқытуда тәжірибелік бағытты қамтамасыз ету – құқық қорғау органдары мамандарын даярлаудың мақсаты болып табылатыны сөзсіз. Осыған орай, отырыс барысында қатысушылар Академияның кәсіби даярлық факультетінің курсанттарының тәжірибеде алып жатқан дағдылары мен білімдерін талқылады.
Отырыс соңында, кафедра бастығы полиция полковнигі Н.А. Тулкинбаев ҚАЖ қызметкерлерімен әрі қарайғы жемісті ынтымақтастыққа сенім білдіріп, атқарып жатқан қызметтеріне сәттілік тіледі.

Ішкі істер органдарында
әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру
кафедрасының оқытушысы
полиция майоры
А.Ж. Садыков