Тәжірибелі қызметкермен кездесу

Ішкі істер органдарындағы әкімшілік қызмет кафедрасында курсанттармен тәжірибелі қызметкерлердің кездесулерін ұйымдастыру, сабақтарына қатыстыру іс-шаралары дәстүрге айналған. Кәсіби даярлық факультеті курсанттарының теориялық білімдерін тереңдету және бекіту, практикалық қызмет үшін қажетті тиісті кәсіптік дағдылар мен іскерліктерді игеру және жетілдіру мақсатында 2021 жылдың ақпан айының 04 жұлдызында академияның кәсіби даярлық факультетінің 302 оқу тобымен ІІО-ның әкімшілік қызметі(ерекше бөлік) пәнінен «Арнайы мекемелерінің қызметін ұйымдастыру» тақырыбы бойынша өткен сабақта академиямыздың 2 курс магистранты полиция капитаны Дюсенбин А.Ж. қатысқан болатын. Дюсенбин А.Ж. өзінің қызмет барысында арнайы мекемелердің түрлеріне сипаттама беріп, тәжірибеде қалай іске асыруға болатындығымен сыр шертіп, қажетті іс-қағаздармен, бұйрықтармен таныстырып, толыққанды ақпараттар беріп өтті. Курсанттар атқаратын қызметтері туралы қызықты сұрақтар қойып, ойдағыдай жауаптар алды. Сабақ соңы тәжірибелі қызметкердің курсанттарға жылы лебізімен аяқталды.
Қорытындылай келсем, бұл сабақта болған қызықты ақпараттар курсанттардың білімге құштарлығын оятуға өз септігін тигізді.

ІІО Әкімшілік қызмет кафедрасының
оқытушысы полиция капитаны
М. Жумашев