Тіл және полиция

Қай ұлттың болса да өзіне тән, өзі құрмет тұтатын ана тілі бар. Ұлттың ұлт болуының бірінші шарты – өз тілінің болуы.
Тіл адамға қаншалықты қажет болса, халық үшін де соншалықты қымбат. Тілі дамыса, ұлт  кемелдене түседі. «Тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып саналмайды». Ана тілін сүймегендік, білмегендік ұлт сезімін жоя отырып, тіл безерлігін тудырады.
Тіл – адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан, тіл байлығы –жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, жауынгерлігін, елдің мұрасын, ұлттың ұлылығын, сырын, мінезін айнадай анық көрсетеді.
Тіл – елдің тарихы, бүгіні, ертеңі, болашағы. Тіл мәселесі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері үшін тек саяси мәні бар мәселе ғана емес, сонымен қатар үлкен әлеуметтік маңызы бар мәселе. Олай дейтінім – құқық қорғау органдарының 70%-дан астамы қазақ ұлтының өкілдері. Осының өзі қазақ тілін өзімізге емес, өзгелерге үйретуіміз қажет екенін аңғартады. Демек, бүгінгі мақсат – мемлекеттік тілді кәсіби тілге айналдыру. Осыған орай Елбасының тілдерді дамыту және қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының офицерлік құрамына мемлекеттік тіл бойынша оқыту курсы ұйымдастырылды. Бұл ережеге сай «ҚазТест» жүйесімен А2, В1 деңгейі бойынша екі топ білім алуда. Курс мақсаты – қызметкерлердің қазақ тілін ауызша және жазбаша қолдану ерекшеліктерін дамыта отырып, нормаға сай қазақ тілінде құжаттарды толтыру, қазақ тілінде емін-еркін сөйлеп, өз ойын анық жеткізу. Мемлекеттік тілді үйренуді өзіне міндет етіп алған әрбір ішкі істер қызметкері қазақ тілін үйренуге ниет білдіріп, сабаққа белсенді қатысып жүр.
Қазақстан халқы тілдері күніне байланысты Құқық қорғау органдары мен Полиция қызметкерлері арасында қазақ тілін асқақтату, оны дәріптеу мақсатында жылына бірнеше іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, «Парасатты полицей» байқауы, ғылыми конференциялар, пікірталас ойындары, сонымен қатар дидактикалық сұрақ-жауап және де концерттік бағдарламалар жыл сайын ұйымдастырылып тұрады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде:«Мен әлемдегі ең бай, ең сұлу тілдердің бірі – қазақ тілінің құдіретіне әрдайым сенемін, тіліміз бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы, тәуелсіздігіміздің тәтті жемісі», — деп атап айтқан болатын.
Тіл саясатын жүзеге асыру үшін ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің күш-жігерінің үйлесімділігі аса қажет. Біздің бүкіл тарихымыздың қасиетті мұраларының бірі, осы күнге аман-есен жеткен тұп-тұнық, мөп-мөлдір – қазақ тілі.
Мемлекеттік тіл – ортақ тіл, тіл болашағы – ұлт болашағы, ұлыстың алтын қазығы. «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы  сөйлесең, ол – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол – күйініш», — деп атамыз Халел Досмұхамедұлы дәл айтқан. Сондықтан қазақ тілін құрметтеу оны дәріптеу – перзенттік парызымыз.

Полиция қатарындағы
4 курс курсанты
Д. Шыңғысхан