Театр өнерін тамашалау

Театр – халықты эстетикалық — адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса  маңызды құралы.  Оның өзгеше бір қасиеті, яғни әрекетке құрылған табиғаты  сахналық ойын-сауықтың мазмұн-желісі мен идеялық-эстетика негізін құрайтын драма арқылы ашылады.
2019 жылдың 19 желтоқсанында ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 4 курс курсанттарына Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының өнерін тамашалау мүмкіндігі туды. Бұл күні курсанттар Қостанай облысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Ақан сері» спектаклін тамашалаған болатын. «Ақан сері» спектаклі қай кезең үшін де ерекше туындылардың бірі болып табылады. Қойылым барысында халық композиторы Ақан серінің өмірі жайлы баяндалды. Яғни, қазақтың кең даласы, арқан тартысып, қыз қуып, алтыбақан тепкен қыз-жігіттері, тұрмыс-салты, серілер дәурені ән-күймен көрсетіледі. Қойылым аяқталған соң Қостанай облыстық мәдениет басқармасының өкілі театр әртістерін жаңа қойылымның тұсаукесерімен құттықтады.
Театр өнерінің қыр-сырын түсіну үшін, сондай-ақ театр өнеріне бір қадам болсын жақын болу үшін, курсанттардың мәдени тәрбиелерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шара курсанттардың көңілінен шығып, ерекше әсер қалдырды. Курсанттар үшін мәдени орталықтарға бару, театр өнерін тамашалау дәстүрге айналды десек те болады.

 
4-курс баспасөз қызметі