«Парасатты полицей» байқауы қорытындыланды

Биылғы дәстүрлі «Парасатты полицей» республикалық байқауы 5-6 қыркүйекте Маңғыстау облысының Полиция департаментінде өтті. Ақтау қаласында ұйымдастырылған бұл дүбірлі сайысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстардың, Көліктегі полиция департаменттері, ведомстволық жоғары оқу орындары қызметкерлерінен құралған 21 команда қатысты.

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орайластырылған бұл шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыру; мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдерінің іс-тәжірибесін тіл үйренуде қолдану; тәртіп сақшыларының бойында Отанына, еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ояту.

Байқаудың «Таныстыру» деп аталатын 1-турында командалар полицияда қызмет етудің мәртебесін, жұмыстарының ерекшеліктерін және қызметте қазақ тілін қолданудағы жетістіктерін ерекшелей отырып өздерін таныстырса; «Жастар – елдің болашағы!» атты 2-кезеңде 2019 жыл жастар жылы болып жарияланғанын ескере отырып, қоғамдағы жастардың орнын, оның ішінде полициядағы жастардың, олардың әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және т.б. тұрғыдан қамтамасыз етілуі бойынша атқарылып жатқан істерді және жастардың осыған қосқан үлестерін сахналық көрініс арқылы көрсетті. «Көркемсөз сайысы» деп аталатын ақтық турда команда капитандары Абайдың бір қара сөзін жатқа мәнерлеп оқыды.

2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылған Каспий маңындағы 5 мемлекет президенттері бас қосқан саммит өткен «Достық үйінде» өткізілген байқауға қатысқан командалардың дайындық деңгейлерінің жоғарылығы айқын танылды. Сахнаға көтерілген командалар көрермендерді таңғалдырудан жалықпады. Бірі залды әзілге қарық қылса, екіншісі оны терең ойға жетеледі. Таңда басталған байқау кеш бата мәресіне жетті. Өнерге шөліркеп қалған көрермен сахнамен қимай қоштасса, сайысқа сақ қарап, қара қылды қақ жаруға уәде еткен әділ қазылар алқасы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтауға аттанды.

Сонымен, Ішкі істер министрінің орынбасары полиция полковнигі Арыстанғани Расылханұлы Заппаров төрағалық еткен қазылар алқасының шешімімен:

Үшінші орынға – Жамбыл облысы Полиция департаментінің «Тараз қырандары», Ақмола облысы Полиция департаментінің «Көкше сақшылары» және Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің «15-өңір» командалары ие болды.

Екінші орынды – Шымкент қаласы Полиция департаментінің «Мегаполисі» мен Ақтөбе облысы Полиция департаментінің «Серт беремізі» иеленді.

Жүлделі бірінші орын – Көліктегі Полиция департаментінің «Көлік сақшыларына» берілді.

Бас жүлдеге Алматы облысы Полиция департаментінің «Жетісу арландары» командасы лайық деп танылды.

Республикалық байқауға белсене қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға қосқан үлесі үшін Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының «Қабылбаев ұрпақтары» командасына Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Алғыс хат табыстады.

Байқауға қатысқан команда мүшелеріне бағалы сыйлықтар табысталып, марапатталды. Естелікке «360 әулиелі Маңғыстау» кітап-альбомы сыйланды.

Құрбанәлі Елмұратов,
Мемлекеттік тіл бөлімшесі бастығы