Бабалар рухы мәңгі жадымызда

 

Биылғы жылы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығын атап өтеміз.  Осы айтулы мерекеге орай еліміздің барлық елді мекендерінде ардагерлерге зор сый-құрмет көрсетілуде. Соның бірі  Қостанай академиясының мұражайында өткен Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан сарбаздар мен сардарларды еске алуға арналған «Жеңіс үшін рақмет!» атты шара. Мұражайға жиналған қауым қан майданда қыршын кеткен боздақтарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.


Бүгінгі таңда Қостанай қаласында 24 соғыс ардагерлері бар. Жыл өткен сайын олардың саны да азайып келеді. Мұражайда ұйымдастырылған іс-шараға ардагерлердің фотосуреттері қойылды. Сондай-ақ осы батырлардың қатарында  Қостанай қаласының ардагері Котелевский Иван Григорьевичтің немересі Котелевская Ирина Владимировна келіп, атасының жастай майданға аттанып, елі мен жері үшін ерлік жасағанын баяндап берді. Сонымен бірге Академия қызметкерлері де Ұлы Отан соғысына қатысқан әкелері мен аталарының ерліктерін тілге тиек етті.


Өз кезегінде, Қостанай академиясы бастығының орынбасары полиция полковнигі Ербол Қаппасов ата-баба рухына тағзым етіп, сұрапыл соғыста қаза тапқан батырларымыздың өшпес ерліктерін еске алды және барша ардагерлерді Жеңіс мерекесімен құттықтап, соғыс ардагері Котелевский Иван Григорьевичке табыстау үшін, оның немересі Ирина Владимировнаға «Дорогами победы» кітабын сыйға тартты.


Сіздердің ұлы,өлмес ерліктеріңіз біздің жүрегімізде мәңгі қалады! Ардагерлерімізге, Ұлы Жеңіс үшін рақмет!

ІСКБ инспекторы П.Жұмабек