«Абай мұрасы-халық ұлағаты»


Поэзияда, музыкада, даналықта, қоғамдық-азаттық ой-пікір саласында өлмес-өшпес шығармалар берген Абай — қазақ халқының өткен замандағы өмірін зерттеймін деген ұрпаққа таңғажайып тұлға. Биылғы жылы — ерекше жыл, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған жыл. Сол игі бастамалардың бірі ретінде бүгін білім ордасында, мемелекеттік мекемелерде, кітапханаларда болсын қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар  ұйымдастырылуда.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абай арманы — халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстан осындай биіктерге жетелейді», — деп ерекше атап өткен болатын.
Абай атамыздың әдеби мұрасы өзіндік көркемдік құндылығымен заманауи ұлттық қайнар бұлағына айналып, ел тарихында өшпес із қалдырды. Ұлы ағартушының асыл туындылары қанша уақыт өтсе де маңызы мен құндылығын жойған емес. Әсіресе, Абай мұрасы күннен күнге нәр алып, өз ұрпағының рухани қазынасына айналып отыр.
Абай шығармаларында өмір сүрген қазақ халқының бар болмыс-тіршілігі, ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен жан-дүниесі суреттелген. Абайдың туындыларына зер салсақ, оның елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда жатыр.
2020 жылдың 6 наурызында ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының алғашқы кәсіптік даярлығының 6-взвод тыңдаушыларымен  «Абай-дана, Абай-дара қазақта» атты іс-шара өткізілді.
6-взвод кураторы ДШД кафедрасының оқытушысы полиция аға лейтенанты Руслан Тұрсынұлы тыңдаушыларды қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен құттықтады.


«Ғұлама бабамыз Абай Құнанбайұлын қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер деуге болады. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлай білді. Сондықтан да Абайды терең танып, оның шығармаларына, айтқан нақыл сөздеріне ерекше мән бергеніміз жөн», — деп Руслан Тұрсынұлы өз сөзін аяқтады.
Дара туған асыл да ұлы тұлғамызды дәріптеген іс-шарада тыңдаушылар Абай атамыздың үлгі — өнегеге толы өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқып шықты. Тыңдаушыларға ұлы ақынымыз туралы слайдтар көрсетіліп, өмірбаянымен шығармашылығы туралы сұрақ-жауап әдісі өткізілді. Содан кейін тыңдаушылар Абай атамыз туралы мәліметтерді естеріне түсіріп, білімдерін постерге жазып шықты.
Бұл іс-шараның қадірменді қонағы болған жас бүлдіршініміз Қостанай қаласының М.Хәкімжанова атындағы №20 қазақ орта мектебінің дайындық сыныбының оқушысы Ануар Русланұлы Тұрсын Абай атамыздың «Өлең — сөздің патшасы, сөз — сарасы» атты өлеңін жатқа оқыды.


Абайды тану — адамның өзін-өзі тануы. Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы-парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі болып табылады.

АКД 6-взвод тыңдаушысы
А.Карбаева