Ұлы Жеңіс күні жасасын!

9 мамыр Жеңіс күні — әр адамды толқытатын ерекше, аса қастерлі де айтулы күн.

Биыл Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесін  тойлағалы отырмыз. «Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында» — деп батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, бізге  бейбітшілік күн сыйлап, бірлік пен тыныщтықты орнатқан құрметті ардагерлеріміз.

Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне құрмет көрсету бойынша салтанатты іс-шара өткізілді.  Академия басшылығымен сапта бір адамдай тізіліп тұрған курсанттарымыз Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті. Алғашқы құттықтау сөз кезегі Академияның бастығы полиция полковнигі Нұрлан Биекеновке берілді. Полиция полковнигі Н.Биекенов құрметті ардагерлерімізді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Барша жұрт тарихымызда жазылған   сұрапыл соғыстың  Ұлы  Жеңіс күнін  тойлайды. Жеңіс туын желбіреткен қаһарман батырларымыз Қ.Қайсенов, Р.Қошқарбаев, Т.Бигельдинов, Б.Момышұлы мен Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларымыз сияқты батыр қыздарымызды білмейтін ұрпақ жоқ.

Жеңіс күні қанша уақыт өтсе де, қилы өзгеріс болып жатса да, ұрпаққа ең ыстық мейрам болып қала береді.  Сұрапыл соғыс жылдарында «Отан үшін отқа түс, күймейсің» — деген ұранмен шайқасқан батырларымызға бас иіп, құрмет көрсету бұл ұрпақтың парызы. Құттықтау сөз кезегі Қостанай облысы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің атынан А.Маулетовке, А.Середенкоға, С.Какимбековке және тыл ардагері Ж.Байжановқа берілді. Құрметті ардагерлерімізге Академия курсанттары қазақша күрес, самбо, еркін күрес, дзюдо күресінен көріністерін көрсетті. Сонымен қатар Академияның бишілер тобы  «Офицерлік вальсін» биледі. Тәрбие жұмысы бөлімінің үрмелі аспаптар оркестрінің жетекшісі полиция майоры Т.Тулубаевтың орындауындағы «День Победы» әнін ардагерлеріміз қоса орындады. Аталмыш іс-шара курсанттарымыздың салтанатты шеруімен өтті. Іс-шара соңында құрметті ардагерлеріміз «Жауынгерлер ботқасынан» дәм татуға шақырылды. Ардагерлеріміз Академия курсанттарына, яғни болашақ тәртіп сақшыларына кеудесінде намысы бар, білімді, туған елін, жерін сүйетін,  ана тілін жетік меңгеріп, ардақтай білетін, халқының салт-дәстүрін, ерекшеліктерін құрмет тұтатын, тарихи мұраларына құрметпен қарайтын, өз мамандығының кәсіби маманы болатын тәртіп сақшысы болуын тілеп, батасын берді.

Елімізде әрдайым бейбітшілік пен тыныштық болсын! Айбынды азаматтарымыз аман болсын!












Баспасөз қызметінің хатшысы

О. Уақпаева