Жыл сайысы «Студенттік көктем-2019»

«Өнер-таусылмас азық, жұтамас байлық» демекші, «Жас Star» ҚБ «Қостанай облысы әкімдігінің жастар мәселелері жөніндегі басқармасы» ММ қолдауымен ағымдағы жылдың 26-27 сәуірінде жыл сайынғы «Студенттік көктем-2019» облыстық фестивалін өткізді. Бұл іс-шараға Академия атынан тәрбие, білім жағынан үздік, өнерлі әрі белсенді курсанттар өз шеберліктерін сынады. Олар өз шығармашылығымен көпшіліктің назарын таң қалдырып, естен кетпес жақсы әсер қалдырды.

Ауқымды ұйымдастырлыған бұл байқау шығармашылықтың жан-жақты салаларын біріктіруімен ерекшеленеді. Сайысқа Қазақстан Республикасы Қостанай облысының  ЖОО студенттері түгелдей қатысты. Сайыс 6 бағыттан тұрды:

  1. Жастар жылына арналған дебаттық турнир;
  2. «Ұлы Дала Жастары» жайдарман командаларының фестивалі;
  3. «Ақылды қалалар-ақылды ұлт» студенттік start-up жобалар байқауы;
  4. Университет аруы – 2019;
  5. «Жігіт Сұлтаны» байқауы;

6.Фотокросс «Мен –студентпін».

Ең ерекше сайыстардың бірі екі айналымнан тұратын «Жігіт Сұлтаны» байқауы  болды. Ол алдымен «Ат құлағында ойнаған» атты спорттық аударыспақ сайысынан, келесі күні өтетін «Ұлттық киіміміз — Ұлтымыздың мақтанышы»  атты өзін – өзі таныстыру кезеңінен, «Өнерлі өрге жүзер»  өнер сайысынан, «Білгенге маржан» сұрақ — жауап кезеңінен тұрды.  Сайысқа қала және қалаға қарасты ауыл өңірлерінен 8 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Нәтижесінде дүбірлі доданы ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 2 курс курсанты, полиция кіші сержанты Сәрсенәлі Рүстем бас жүлдені қанжығасына байлады. Өзге қатысушылар да кейінгі жүлделі орындарды бөлісіп, номинациялар бойынша дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қырағы қанатты – Мен жастарға сенемін» дегендей, бүгінгі қоғам, қазіргі нарық және бәсеке заманы тілеп-ақ тұр. Ел ертеңi – бiлiмдi жастар. «Бұлақ көрсең — көзiн аш» дегендей, Қазақстан жастарын бiлiмге бағыттау бүгiнде аса маңызды мәселе. Осындай мақсатта арнайы, кең көлемде   А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде жылдағы дәстүр бойынша облыстық пікірсайысшылар турнирі өтті. Дебатқа облыстың түпкір-түпкірінен ЖОО студенттері арасынан алғыр да білгір пікірсайысшылар қатысты. Төрт палатаға бөлінген пікірсайысшылардың басты тақырыптарында Қазақстандағы саяси, өзекті мәселелер, сайлауда дауыс беру және де тағы да басқалар. Осы турнирдің бас жеңімпаздары болып ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары атанды.

«Күлдіре білу де – өнер» демекші жастардың әзіл -сықақ жағынан бойындағы дарындарын бағалау үшін Қостанай мемлекеттік педогогикалық университетінде «Ұлы Дала Жастары» атты жайдарман фестивалі өткізілді.  Қоғамдағы келеңсіз жайттарды сынға алып, әзілмен жеткізу — кез келген жанның қолынан келетін іс емес. Сондықтан «Жастар жылында» жарасымды, жайдары әзілдерімен көрермен көзайымына айналған командалардың бірі Академия курсанттарынан құрылған «Ішкі істер құрамасы» болды. Олар сахна төрінде өздерін  жақсы көрсете біліп, көңілді көріністерімен бөлісіп, кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл- күй сыйлағаны үшін барша жұрттың алғысына бөленіп, осы іс-шарадан 3-ші жүлделі орынға ие болды.

ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы «Студенттік көктем-2019» облыстық фестивалінің фотокросс «Мен студентпін» байқауында жүлделі 2-ші орынды ие болды. Өзекті мәселелерге қоғам назарын аудару үшін, студенттердің байқампаздық, тапқырлық қасиеттерін  талап ететін шығармашылық сайыс 3 кезеңнен тұрды. Сайысқа қатысқан курсанттардың еңбектері мен үлкен дайындықтарының  арқасында осы додадан Академия  қола жүлде иеленді.

Түйіндей келе, ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттары, біз — жастар Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің тамырын тереңдететін, халық мүддесін бірінші орынға қоятын, қазақ елінің атын күллі әлемге паш ететін, болашақтың, алып ұландары болуға бар күшімізді саламыз! «Қазақстанның мәртебесін биікке көтереміз»  деген ұранмен алдағы өткізілетін алып-алып жарыстардан да Академия жүлде қорын толтырып, полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыратындықтарына кәміл сенеміз.

полиция қатарындағы 2 курс курсанты

А. Кусаинова