«Латын графикасы: күн тәртібіндегі мәселелер» атты дөңгелек үстел 29.11.2018 2018 жылғы 28 қарашада ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында «Латын графикасы: күн тәртібіндегі мәселелер» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел отырысының мақсаты – рухани жаңғырудың темірқазығына айналған латын әліпбиінің емле жобасына байланысты пікір алмасу, ақпараттық-түсіндіру. Дайындалған латын графикасының емле ережесінің жобасы туралы қоғамдық пікір қалыптастыру, маңыздылығы туралы ақпарат беру. Дөңгелек үстелде тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Крикпенова Гүлмира Талғатқызы «ЖАҢА ЕМЛЕ: құрылымы, ұстанымы және жаңалықтары» тақырыбында баяндама жасады. Жаңа емленің қанатқақты жобасы туралы толық баяндап өтті. Жобаның 9 тараудан, 108 параграфтан тұратыны, көпшілікті алаңдататын сөздердің қалай тасымалданатыны, қыстырма сөздер және кірме сөздердің жазылуы, сондай-ақ, ю,я әріптерінің үш түрлі жағдайда жазылуы жайында сөз етілді. Ережеде шеттілдік сөздердің көпшілігі өз тіліміздің заңдылықтарына сай өңделіп, төл тілімізге бейімделгені айтылды. Мысалы: парашют – парашүт, глюкоза – глүкоза, бюджет – бүджет. Шараға қатысушылар өздерін мазалап жүрген, маңызды сұрақтарын қойып, өзара ой бөлісті. Мемлекеттік тіл бөлімшесі