«Ішкі істер органдары қызметкерлерінің адам құқықтарын сақтау саласындағы құқықтық санасын қалыптастыру» атты дөңгелек үстел

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап білім беру жүйесін дамыту, адамзаттық капиталды жетілдіру ҚР мемлекеттік саясатының айнымас приоритеті болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Даму деңгейін жетілдіріп келе жатқан Қазақстанға сауатты шешімдер қабылдайтын және орындайтын заманға сай білімді мамандар қажет» деп баса көрсеткен, бұл сөздер жаңа білім беру жүйесін қалыптастырудың базалық принціпіне айналды, нәтижесінде бұл Қазақстанды әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына қосуға жетелеуде.

Ішкі істер органдарына сауатты мамандарды дайындау қазіргі таңның негізгі міндеті болып табылады. Білім беру жүйесін қазіргі заман талабына сәйкестендіру, бейімдеу дегеніміз ең алдымен жоғары кәсібилікті қалыптастыруды талап етеді, бұны Қазақстан Республикасының ІІМ жоғары оқу орындары жүзеге асырады, соның ішінде Қазақстан Республикасының ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы да бар.

Адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – құқық қорғау органдарының қоғамға деген ең маңызды қызметтерінің бірі.

Ішкі істер органдары барлық қызметкерлерінің адам құқығын сақтауының маңыздылығын назарға ала отырып мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасы Адам құқығы пәнінен сабақ жүргізуді күндізгі және сырттай оқыту факультеттерінде, біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтында жүргізеді.

Адам құқығы мәселесінің ең алғашқы интеграциялық қадамы 2012 жылы күндізгі және сырттай оқыту факультеттерінде, сондай-ақ алғашқы арнайы дайындық курстарында да оқытыла бастады. Мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасы бұл пән үрдісін жоспарлауда Қазақстан Республикасы Конституциясының, Халықаралық құқықтың нормаларын, Қазақстан Республикасы «Ішкі істер органдары туралы» Заңның және басқа да нормативтік-құқықтық актілердің қажеттігін ескере отырып қалыптастырады.

Осы орайда 2018 жылдың 27 сәуірінде Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының базасында «Ішкі істер органдары қызметкерлерінің адам құқықтарын сақтау саласындағы құқықтық санасын қалыптастыру» атты дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелдің жұмысына Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент), полиция полковнигі С.Н.Бачурин, Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының бастығы, педагогика ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Г.Б.Жандарбекова, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу істері бойынша Басқармасының жетекшісі Р.С.Болат, Қостанай қалалық сотының судьясы Б.Е.Канкулова, Қостанай қаласы ІІБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Б.К.Жансугуров, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша халықаралық сарапшы С.В.Корнейчук, педагогика және психология кафедрасының бастығы, филология ғылымдарының кандидаты, полиция подполковнигі А.М.Таукенова, психологиялық жұмыс орталығының бастығы, психология магистрі, полиция подполковнигі О.В.Чиржова, ғылыми-зерттеу орталығының қызметкерлері, оқу-әдістемелік орталық қызметкерлері, біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының қызметкерлері, біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтына республиканың барлық өңірінен келген тыңдаушылар және осы іс-шараны ұйымдастырған мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының қызметкерлері қатысты.

Іс-шарада «Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын іске асыру аясында ішкі істер органдарын цифровизациялау», «Жергілікті полиция қызметін қайта құрудың алғышарттары», «Ішкі істер органдары қызметкерлерінің біліктіліктерін адам құқықтарын сақтау саласында арттыру», «Болашақ полиция қызметкерлерін құқықтық санаға тәрбиелеу» мәселелері қызу талданып, талқылаулардың барысында пікір білдірушілердің ұсыныстары назарға алынды. Бұл жұмыстың мақсаты барлық заң саласына қатысы бар тұлғалардың пікірлерін біліп, жұмыс сапасын арттыру.

Осы ақпаратымды заң саласындағы білікті ғалымдардың сөздерін цитатаға алып, қорытындылағым келеді «Болашақта әскер болары болмасы екіталай, ал адам құқықтарын қорғауды жүзеге асыратын полиция болған, бар және болып қалады». Сол үшін ширек ғасыр бойы қоғамның тыныштығын сақтауға мамандарды дайындаудың ұстаханасына айналған Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы білімін жетілдіруді жалғастырады.




Мемлекеттік-құқықтық пәндер

Кафедрасының аға оқытушысы

полиция капитаны  М.Смагулов

Фото суреттер С.Камаловтыкі