ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!!!


Бүгін Ақордада жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер, сондай-ақ, әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне салтанатты түрде ордендер мен медальдар тапсыру рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс күнімен құттықтап, Қарулы Күштер мен Күштік құрылымдардың еліміздің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі саналатынына тоқталды.

  • Сіздердің отаншылдық рухтарыңыз, ең алдымен, жас ұрпақ үшін жақсы үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Сіздер ерен еңбек пен нағыз ерлікті паш етіп келесіздер. Жоғары мемлекеттік марапаттар Отан алдындағы қызметтеріңізге жаңа жігер береді деп сенемін, – деді Президент.

Салтанатты рәсім барысында Президент Отанға қалтқысыз қызмет еткен, өз саласында үздік деп танылған әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер және біліктілік сыныбын, сондай-ақ ордендер мен медальдар тапсырды.
Ел дегенде емірене, жұрт дегенде жүгіне қылған қызметінің нәтижесінде, Ел Президенті қолынан жоғары марапат алып, Ақорда төрінде мерейі асқан барша әріптестерімізді бүгінгі қуаныштарымен шын жүректен құттықтаймыз!
Отанымыз – Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында аянбай атқарып жүрген еңбектеріңіздің табысты бола түсуіне және ел алдында елене берулеріңізге тілектеспіз.