Ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденовтің өмірінен бір үзік сыр

Білім ордасында 31 қазан күні Қазақстан Республикасы ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденов атындағы дәріс залының ашылу рәсімі болып, оған оқу орнының басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы, генералдың бұрынғы әріптес достары мен туған-туысы қатысқан болатын.
Осы орайда, өздеріңізге заманауи озық технологиямен жабдықталған жаңа аудиторияға аты берілген Талап Қабденұлы Қабденовтің өмірі мен еңбек жолынан қысқаша мәлімет ұсынып отырмыз.
1945 жылдың мамыры. Ұлы Отан соғысының соңғы күндері. Диктор Левитанның күллі әлемге таныс үнімен тарайтын Совинформбюроның ақпаратын халық қалт жібермейді. Ақтық жедел мәлімет 15 мамырда жарияланды. Ол барлық майданда тұтқындалған неміс солдаттарын қабылдаудың аяқталғанын хабарлады. Бітті! Миллиондардың қанын суша сімірген сұм соғысқа соңғы нүкте қойылды.
Сол күні Оралдың Ресейге жапсарлас қонған Жәнібек елді мекенін қоныстайтын Қабденовтер отбасында көптен күткен сәби дүниеге келді. Ұлдың атын Талап деп қойды. Ол әзілқой, елгезек әрі сотқар бала болып өсті. Көшеде үнемі әділдік үшін күресіп жүретін. Қазақ, орыс тілдеріне бірдей. Атқа әуес, кітапқа құмар. Бірақ соғыстан кейін туған балалар сияқты, Талапқа да бал балалықпен ерте қоштасып, тез есеюге тура келді.
1963 жылдың күзінде мектеп бітірген Талап Гурьев (қазір — Атырау) мұнай өңдеу зауытының алкилация цехы операторының көмекшісі ретінде жұмысқа орналасады. Бірақ жоғары білім алғысы келген ол сол жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтына оқуға түседі. Алған білімін іске асыру үшін дипломды маман Шымкент химия-фармацевтикалық зауытына жіберіледі. 1968 жылдың жазынан 1970 жылдың жазына дейін ауысым бастығы және диспетчер лауазымында жұмыс істейді.
Зауыттың жас жұмысшылары арасындағы қоғамдық белсенділігі мен іскерлігі, оны комсомол желісі бойынша жұмысқа ұсынуға ықпал етті. Сонымен, 1970 жылдың шілдесінде нұсқаушы, 1971 жылдың шілдесінде Шымкент қалалық ЛКЖО комитетінің екінші хатшысы болып сайланады, ал 1972 жылдың күзінде Қазақстан ЛКЖО облыстық комитетінің бөлім меңгерушісі болып тағайындалады.
Талап Қабденұлын құқық қорғау органдарына қызметке Қазақстан Республикасы КП Шымкент облыстық комитетінің бюросы ұсынады, ал 1973 жылы 28 жасында Шымкент облыстық атқару комитеті ІІБ кадр аппаратының басшысы болып тағайындалды.
1980 жылы Т.Қ. Қабденов КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін «құқықтану» мамандығы бойынша сырттай аяқтайды.
Одан кейінгі 30 жыл Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесімен тығыз байланысты болды. Осы жылдар бойында ол өзінің еңбек қызметінің елеулі бөлігін ІІМ-нің ведомстволық білімін дамытуға арнады. Ол тиісті кәсіби және ұйымдастырушылық қабілетке қоса, адамнан әділ, объективті және адал болуды, өзінің қызметіне қалтқысыз беріліп, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялай білуді талап ететін.
1973 жылдың маусымында капитан шенінде Шымкент облыстық атқару комитеті ІІБ кадр аппаратының басшысы ретінде бастаған Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы қызметін, ол ҚР ІІМ Академиясының бастығы, ішкі қызмет генерал-майорына дейінгі жолдан өтіп, 2002 жылы құрметті демалысқа шығуына байланысты аяқтады.

Құрбанәлі Елмұратов,
ІСКБ бастығы