Оқу-жаттығулар – жауынгерлік дайындықтың маңызды құралы



Оқу-жаттығулар – бұл ішкі істер органдарының жеке құрамының жедел-тактикалық дайындығының жоғары және неғұрлым тиімді нысаны, жауынгерлік әзірлікті арттырудың, жауынгерлік іс-қимылдарға дайындаудың маңызды құралы. Негізгі мақсат — әртүрлі ұрыс түрлеріндегі шебер және батыл іс-қимылдар үшін жауынгерлік үйлесім мен әскерлердің далалық машықтарын жетілдіру, жауынгерлік әзірлікті тексеру. Оқу-жаттығуларда оқытудың негізгі әдісі — оқушылардың функционалдық міндеттерін орындау бойынша практикалық жұмысы.
Оқу-жаттығуларда жеке құрамды оқытудың негізгі әдісі олардың әртүрлі жағдайлардағы жауынгерлік іс-қимылдарын ұйымдастыруды практикалық пысықтау болып табылады. Оқу-жаттығудың нақты мақсатына қарай қажет болған жағдайларда басшы практикалық жұмысты көрсетумен және ауызша түсіндірмелермен үйлестіре алады. Оқу-жаттығуларда барлық жеке құрамның қызметтік және жауынгерлік даярлықтың барлық түрлері бойынша оқыту барысында алған білімі мен практикалық дағдыларының бірыңғай кешеніне біріктіріледі.
Жыл сайын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының курсанттарымен аталған оқу-жаттығулар Академияның оқу-дала лагерінде өткізіледі.
Курсанттармен оқу-жаттығу өткізудің мақсаты — нақты қарқынды дамып келе жатқан жағдай аясында теориялық білімді тереңдету, түрлі лауазымдарда функционалдық міндеттерді өз бетінше орындауда практикалық дағдыларды бекіту, штаттан тыс жағдайларда іс-қимыл жасауға дайындықты және нақты жағдайды дұрыс бағалай білуді қалыптастыру; төтенше жағдайларда қажетті кәсіби-психологиялық дағдылар мен іскерлікті дамыту; арнайы операцияны жүргізу кезінде ІІО бөлімшелерінің күштері мен құралдарын қолдана білу; өзінің лауазымдық міндеттерін орындау және заңдылықты қатаң сақтау үшін жоғары жауапкершілік пен тәртіптілікке тәрбиелеу.
Аталған іс-шараның маңызы зор және қажеттілігі өте жоғары. Ішкі істер органдарының болашақ қызметкерлерін түрлі төтенше жағдайға дайын болуға тәрбиелейді және болашақ офицерлердің бойында күш-қайрат пен жігерлікті, төзімділік пен шыдамдылықты нығайтады. Ел қорғандарының ел қорғау жолындағы сенімі мен батылдығын арттырады.

Қылмыстық, қылмыстық-атқару құқығы
және криминология кафедрасының оқытушысы,
полиция капитаны
А. Мұрат