92 жасқа толған майдангерге құрмет көрсетілді

Қостанай академиясының бастығы полиция полковнигі Нұрлан Биекенов, Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі Ербол Каппасов, тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы полиция майоры Руслан Аужанов, Ардагерлер кеңесінің төрайымы Бисулу Мұқажанова және баспасөз қызметінің хатшысы Орынбасар Уақпаева Данил Айтмуханұлы Надырбаевтың шаңырағына барып, майдангер қарияны 92 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, ыстық ықыластарын білдірді.
Қарт майдангер Данил Надырбаев 1927 жылдың 28 маусымында Қызылорда облысында дүниеге келген. Ардагеріміз Жеңіс күнін көпірдің алдында тұрып қарсы алған. Сол күні ардагеріміз зұлым соғыстың аяқталғанын да білмеген, тек сол бір сәтте қасына кішкентай қыз жетіп келіп, соғыс аяқталды деп айтқаннан кейін ғана, көзіне жас алып, жеңіске жеткендігін білді. Қариямыз қанды майдан кезінде әскер құрамын мина толған машинаның өртінен құтқарып, Иосиф Виссарионович Сталиннің алғыс хатымен марапатталған. Соғыстан кейін Алматы басқарушы құрамының кіші әскери мектебін аяқтап, әскери күзет министрлігі хабарлама жолдарында қызмет атқарған. Қызметін адал орындағандығы үшін көптеген марапаттармен мараппаталған. 1955 жылы өмірлік жары Тарзима Нигматьяновамен отбасын құрып, Зайтун және Тагир есімді балаларды тәрбиелеп ер жеткізген. Қарт ардагеріміздің ұлы Тагир әкесінің жолын қуып, ішкі істер органдарында қызмет атқарған, қазір отставкадағы подполковник. Данил атамыз әңгіме барысында Ұлы Отан соғысы жылдарында иеленген наградалары жөнінде және жары Тарзима апаймен бақытты өмір сүргендері туралы жиі айтады. Данил атамызға ҰОС-да батырлығы үшін иеленген наградалары өте бағалы да құнды. Қарт ардагеріміз соғыстан кейін де қызмет атқарып, өзін жан-жақты көрсетіп, талай марапаттауларға ие болған. 1965 жылы ішкі істер органдарына қызметке орналасып, әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарып, 1984 жылы милиция мектебінің аға оқытушысы болып зейнеткерлікке шыққан. Қариямыз ағымдағы жылы Академияда жас түлектерді шығарып салу салтанатты іс-шарасында сыйлы қонақтардың бірі болып, жас тәртіп сақшыларына өзінің батасын берді. Майдангер қарияның батасын қабыл алу әр курсантқа, яғни болашақ тәртіп сақшысына үлкен мәртебе.
Данил атамыздың туған жері мен келешек ұрпағы үшін жасаған игі істері ерекше орын алады. Еліміздің өсіп — өркендеуіне, бейбітшілікте тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыз екендігін баршамыз білеміз. Атамыздың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас байлық.
Данил атамызға, мықты денсаулық, бақыт, ұзақ ғұмыр, ауыр күндердегі адал еңбегіңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін бас иіп алғыс білдіреміз!

Баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы
О. Уақпаева