Кітапханада өткізілген іс-шаралар 17.09.2019 2019 жылдың 5-13 қыркүйегі аралығында Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының жалпы кітапханасының оқу залында Қазақстан халқының Тілдер күні мерекесіне орай «Туған жерім — тұғырым, туған тілім — ғұмырым» тақырыбында, ұлтымыздың дара туған ұлы перзенті — Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына «Өлең — сөздің патшасы сөз сарасы» атты кітап көрмелері безендіріліп, ұйымдастырылды. Көрменің мақсаты — мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, елімізде тұратын барлық халықтардың тілдерін құрметтеу, дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Кітапханашылар он күн бойы Академия курсанттарына, магистранттарға, кітап көрмесіне қойылған заңнамалар мен көркем, ғылыми әдебиеттерге, баспа басылымдарында жарияланған мақалаларға толық қанды тоқталып, әсерлі шолу жасап отырды. Сондай-ақ, іс-шараның жалғасы ретінде 13 қыркүйекте кітапхана ұжымы мемлекеттік тіл бөлімшесімен бірлесіп «Абай әлемі» атты әдеби-сазды шығармашылық кеш өткізді. Кештің мақсаты – ұлы Абайдың шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау, өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айтқызу. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлы Абайдың» мұрасы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет. «Абай, шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы. Ақынның дара тұлғасы — халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Дүниежүзі әдебиетінде Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем. Абай, шын мәнінде, қазақтың біртуар перзенті», — деді. Әдеби-сазды кеш Абай Құнанбаевтың өмірбаяны мен құнды шығармалары жөніндегі бейнероликпен басталды. Өз өнерлерін ортаға салған 2-3 курс курсанттары Түзелбаев Бейбарыс, Дүйсенбаева Диана, Байзақ Жалғас Абайдың өлеңдерін, қарасөздерін мәнерлеп оқыды, әндерін орындады, Сарсенәлі Рүстем, Нұркүшева Мадина «Ерке сылқым», «Адай» күйлерін шебер орындап берді. 3 курс курсанты жас ақын Ерболат Лашын Абай атасына арнаған өз жырын оқыды. Кеш жүргізушілері, 3 курс курсанттары: Айнұр Кұсайынова мен Талғатқызы Диана көрермендерге Абай аталарының өмірі мен шығармаларына қатысты сұрақ-жауап сайысын өткізіп, кешті одан әрі жандандырып жіберді. Кеш барысында көрермен 2-3 курс курсанттары өте белсене қатысып, Абайдың өлең шумақтарын, қара сөздерін жақсы білетіндерін көрсетіп, біздерді тағы бір тебірентіп тастады. Кешке 2-4 курс курсанттары, курс басшылығы, мемлекеттік тіл бөлімшесінің бастығы Қ. Елмұратов қатысты. Шығармашылық кештің қорытынды сөзінде мемлекеттік тіл бөлімшесінің бастығы Қ. Елмұратов: «Абай Құнанбаевтың шығармаларының маңыздылығына тоқтала келіп, бүгінгі кештің атауы неліктен «Абай әлемі» деп аталды, себебі Абай — өз заманын жаңғыртқан, жаңартқан ғұлама ақын. Ол шығыс поэзиясында қалыптасқан ұлы дәстүрлерді жалғастырушы ғана емес, шығыстың ұлы ойшылдары Фердоуси, Әлішер Науаидың ізбасары, рухани ойды одан әрі дамытушы, ұлы қайраткер», — деп түйіндеді. Әдеби-сазды кеш өз мәресіне жетіп, көрермендер тамаша көңіл-күйде тарқасып, естелік суретке түсті. Жалпы кітапхана