50  жылдық мерейтойың құтты болсын!

Ағымдағы жылдың 21 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы  50- жылдық мерейтойын атап өтті. Жоғары оқу орны жарты ғасырлық тарихында терең де тағылымды тарихи жолдан өтіп, биік белестерді бағындырып, бұл жолда сапалы білімді де білікті маман иелерін даярлады.
Мерейтойға ҚР ІІМ бірінші орынбасары, ҚР ІІО ардагерлері, Қарағанды облысының әкімі, ІІМ Жоғары оқу орындарының басшылары, түлектері мен сыйлы қонақтары қатысты. Осы атаулы күнге арнап, Академия басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы бірқатар мерекелік іс-шараларын өткізді.
Іс-шараға келген сыйлы қонақтар жоғары оқу орнының 50 жылдығымен құттықтап, Академияның тарихи естеліктерімен бөлісіп, зор қуаныштарымен білдірді. Аталған мерейтойға ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының орынбасары полиция полковнигі Ербол Каппасов қатысып, басшылықтың, профессорлық-оқытушылық құрам мен жеке құрам атынан Академияға  естелікке сыйлық тарту етті.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен, ал ұстаз шәкіртімен көрікті» дегендей, осынау 50 жылда талай офицерлер білім алып, тәлім-тәрбие көріп, болашаққа жаңа қадам басып, бүгінгі таңда Академияның беделі мен мәртебесін көтеріп жүр. Олардың ішінен 50-ден астам генералдар мен 30-дан астам ғылым докторлары шыққанын оқу орнының әр қызметкері мақтанышпен айта алады.
Мерейің құтты болсын, мәртебең биік болсын!

 Баспасөз қызметі