4-курс курсанттары өндірістік тәжірибенің алдында тәжірибелі қызметкерлермен кездесті

2020 жылдың 31 қаңтары күні ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының акт залында өндірістік тәжірибенің алдында  кәсіптік даярлық факультетінің 4 -курс курсанттары  ІІМ ҚАЖК Қостанай облысы бойынша ҚАЖД бастығының міндетін  атқарушы әділет  полковнигі Бауыржан Уразалинмен, Қостанай облысы бойынша ҚАЖД Пробация қызметтерін басқару бойынша бөлімінің бастығы әділет майоры Рабат Мурзатаевпен,  Қостанай облысы бойынша ҚАЖД Сотталғандардың арасында тәрбие және әлеуметтік — психологиялық жұмысы бойынша бөлімшесінің бастығы әділет майоры Дамир Махметовпен және Қостанай облысы бойынша ҚАЖД Режим бөлімінің жедел-уәкілі әділет капитаны  Дмитрий Химичпен кездесті. Аталған кездесу жыл сайын қылмыстық құқық және жазаны орындауды ұйымдастыру кафедрасының қызметкерлерімен өткізіледі. Сонымен қатар кездесуде қылмыстық-атқару жүйесі бағытында курсанттарымызға теориялық жан-жақты білім беріп жүрген қызметкерлеріміз де болды.

Кездесу барысында құрметті қонақтарды Кәсіби даярлық факультеті бастығының міндетін атқарушы отставкадағы полиция полковнигі Гульбарам Кульжанова таныстырып өтті. Алғашқы сөз кезегі әділет полковнигі Бауыржан Уразалинге берілді. Б.Уразалин: «Екі аптадан кейін теориялық білімдеріңді тәжірибеде қолданып, өздеріңді қызметте көрсете білулерің қажет. Бүгінгі күн талабына сай сыбайлас жемқорлықпен күрес нақты мәселе,  ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен кесірін тигізеді, яғни біздер оған қарсы тұруымыз қажет. Генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ шығар, яғни генерал болу үшін білімдеріңді шыңдап, қажыр-қайраттарыңды жинап, алға қойған мақсаттарыңа жете білсеңдер, сонда ғана белестерді бағындырып өз биіктеріңе шыға аласыңдар», деп сөзін тамамдады.
Сондай-ақ кездесу барысында отставкадағы полиция полковнигі  Г.Кульжанова 4-курс курсанттарының мамандықтары бойынша, Тәжікстан Республикасынан келген 10 тәжік курсанты туралы, қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелерде 3 ай бойы өндірістік тәжірибе өтетіндіктері туралы айтты.  Кәсіби даярлық факультетінің  4-курс курсанттарына бейнеролик арқылы өндірістік тәжірибе кезінде күнделіктерді қалай толтыру қажеттілігі туралы айтылды. Бүгінгі таңда республиканың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 50% ведомстволық оқу орындарының түлектері қызмет атқарады. Кездесу соңында, курсанттар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, толық жауап алды.
4-курс курсанттарына қызметтерін адал орындап, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант  (ІІ дәрежелі ішкі қызмет генерал-лейтенанты), ІІМ еңбек сіңірген қызметкері Шырақбек Қабылбаевтың есімі берілген Қостанай академиясын тек қана жақсы жағынан көрсетуіне тілектеспіз. Жолдарың ақ болсын!

Баспасөз қызметі