Мамандығым мақтанышым
Бүгінгі аяулы нәзік жан 15 жылдан аса өз өмірін ішкі істер саласына арнады. Өзгелер сияқты арманы асқақ, мақсаты биік Бигүл Нуркина үшін иығына шен тағып, полиция қызметкері болу бала кездегі арман еді. «Арман адастырмайды» демекші, жоғары білімі журналист болса да, ол ер азаматтармен бірге иық тіресіп, қиыны мен қызығы қатар жүретін сара жолды таңдады.
Бүгінгі әңгіме Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау факультетінің аға оқытушы-әдіскері полиция майоры Нуркина Бигүл Аманқызы жайлы болмақ.
Бір бойына бірнеше қасиеттер сіңірген кейіпкеріміз қызметінде тиянақты, жауапкершілігі мол. Білім алушылармен тығыз байланыста бола отырып, жас мамандардың сапалы білім алауын және біліктіліктерін арттыруға жіті қадағалайды. Ол осы қызметтің жілігін шағып, майын ішкен сара жолдың саңлағы десек, артық айтқанымыз емес.
Оған дәлел оның адал және тынымсыз еңбегінің жемісі, қызметіндегі жетістіктері. ҚР ІІМ және Академия басшылығының құрмет-қошеметіне бөленді: «Құрмет грамотасы», «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, бірнеше рет алғыс хаттар және грамоталармен марапатталды. Қызметтегі әріптестерінің беделі мен құрметіне ие.
— Полицияда жұмыс істеу оңай емес екені белгілі. Әсіресе әйелдер үшін. Иығымдағы майор шені менің қызмет жолымдағы адал еңбегімнің жемісі. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш- дейді.
Бигүл қызметте ғана емес, отбасында да бала тәрбиесімен айналысады. Өмірімнің мәні, бар бақытым да, байлығым да қызым дейді. 4 жасар Аянат анасының жолын қуып, болашақта шен таққан ару болғысы келеді.
Сұқбат соңында кейіпкеріміз Халықаралық мереке қарсаңында барша нәзік жанды аруларға қызметте табыс пен бастысы зор денсаулық, отбасыларына бақ-береке тіледі.