Республика күні қарсаңында Ғылыми-зерттеу және редакциялық-баспа жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Болат Алпеисов еліміздің Республика болып қалыптасу тарихы туралы өз ойымен бөлісті

Республика күні – ұлттық рухты көтеретін мерекеге айналуы тиіс

Алты алаштың ардақтысы, ұлтының еркіндігін аңсаған Әлихан Бөкейханов өз заманында «Тірі болсақ алдымызда үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде, бөлек мемлекет болар!» деп елдік сенімін айтқан екен. Ол күнге біз тек 1991 жылы ғана қол жеткіздік. Алайда Респулика күні түрлі себептерге байланысты мерекелік күнтізбелер тізімінен түсіп қалды.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, дәл осы оқиға еліміздің ең басты құндылығы — Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы алғашқы қадамы болды.Декларация қабылданған сәттен бастап 32 жыл өтті. Тарихи тілмен алсақ -бір сәт. Өскелең ұрпақпен бірге біз осы тарихи сәтке байланысты жетістіктерді сақтап, көбейтуіміз керек.
Біз, полиция қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі қоғамдағы тұрақтылықты, заңдылық пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қатар халықпен сапалы жаңа қарым-қатынас орнату болып табылады. ІІО қызметкерлері алдағы уақытта да қоғамдық тәртіпті сақтауда, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауда өз қызметтік және әскери борыштарын абыроймен орындайтынына кәміл сенемін.
Мереке қарсаңында, барша оқырмандарға зор денсаулық, бақыт, береке-бірлік тілеймін. Еліміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын.