Кәсіби-психологиялық даярлық және ІІО басқару кафедрасының оқытушысы полиция аға лейтенанты Алмат Оразов майдангер атасы жайлы баяндайды
Ұлы Жеңіс! Дәл осы Ұлы Жеңіске биыл 77 жыл. Жеңіс бізге өздігінен келген жоқ. Ол бізге елім деп соққан ерлердің, бесіктен белі шықпаған 17-18 жастар аралығындағы майданға қару асынып кеткен жастардың батылдығының арқасында келді.
1941 жылы Кеңестік Соцалистік Республикалар Одағы тізеден қан кешті. Тұтқиылдан фашистік Германия шабуыл жасаған алғашқы күннен бастап-ақ еліміз жұдырықтай жұмылып, сүбелі жетістіктерге қол жеткізді. Отанымызды қорғау үшін ер-азаматтар әскерге шақыртылды. Сол әскерге шақыртылғандардың ішінде менің атам – Ораз Байтұрғанов бар еді. Атам елі үшін ұрпағының ғұмыры үшін ерлікпен шайқасқан жандардың бірі.

Атам Ораз Байтұрғанов 1923 жылы 10 мамырда Қостанай облысы, Жангелді ауданы, 4-ші ауыл селолық совет, қазіргі Көкалат ауылдық округінде өмірге келген. Соғысқа аттанғанда атамның жасы небәрі 17 жаста болған. Балалық шақтың не екенін ұмытып, ерте есеюге тура келді. Осындай сұм соғыс жылдары қолына қару алып, қасық қаны қалғанша жан аямай Украина жерінде фашист әскерінен азат етуге бар күшін салды.
Жеңіспен аяқталған соғыстан кейін туған жеріне оралған атам Қызылоба, Жартоғай бөлімшелерінде шаруашылықтың есеп жөніндегі қызметтерін атқарған. Сонымен қатар менің әжем Шәмшия Байтұрғановамен шаңырақ көтеріп, 10 бала тәрбиелеп, ұлдары мен қыздарын адалдыққа, еңбекке, өмірге деген құштарлыққа үйретті.
Соғыста көрсеткен ерең ерлігі, батырлығы мен батылдығы үшін әр жылдардағы мерекелік медалдарымен марапатталған.
Атам көзі тірі болса биыл 99 жасқа толар еді. Оның неміс басқыншыларына қарсы күресте табандылық танытып, қазіргі бейбіт күнді көруге қол жеткізген ерлігі біздің мәңгі жадымызда!

Ата, біз Сізді мақтан тұтамыз!