Мейірімді ана және погондағы леди
Бүгінде ерлермен бірге иық тіресіп, Ішкі істер саласында еңбек етіп жүрген әйелдер көп. Қатаң тәртіп пен нәзіктікті және кәсібилікті үйлестіре білген сондай жанның бірі – Айгүл Таукенова.
Полиция полковнигі бүгінге дейін біршама жауапты қызмет атқарып, абыройлы еңбек етіп келеді. Сырттай оқыту факультетінде, кейін тоғыз жыл педагогика және психология кафедрасында оқытушыдан бастық лауазымына дейін көтерілді. Бүгінде біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау факультетінің бастығы.
Айгүл Мұратқызы 22 жылдан астам уақыт ішкі істер органдарында қызмет етіп келеді. Жоғары білімі шетел тілдері мамандығы. Десе де, ол өз өмірін ішкі істер саласына арнады. 28 жыл педагогикалық қызметінде 20-ға жуық оқу-әдістемелік құралын жазды, 40-тан астам ғылыми жұмысы жарыққа шықты. Ғылыми баяндамаларымен халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысады. Ғылым саласымен үздіксіз, әркез айналысады.

— Ғылым менің өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Онсыз өмірімді де елестете алмаймын. Себебі 30 жылға жуық түрлі ғылым саласымен айналысып, біршама еңбектер жаздым. Бұған себеп ата-анам мұғалімдер. Бұл да бір өзінің оң әсерін тигізді деп ойлаймын-деп атап өтті.

Отбасында сүйікті жар, аяулы ана, қызметте жауапты қызметкер Айгүл Мұратқызы ғылымнан бөлек уақытын тиімді өткізуге тырысады.
— Мен жұмыстан қолым босаған уақытта тігін тігіп, тоқыма тоқығанды жаным сүйеді. Домбыраның құлағында ойнап, жиі ән айтамын. Сонымен қатар, суда жүзіп, салауатты өмір салтын ұстанамын-дейді.
Бүгінде кейіпкеріміз Айгүл Мұратқызы жолдасы Қайрат Сейтмағанбетовпен ұл тәрбиелеп отыр. Отағасы да ішкі істер саласынан алыс адам емес. Қазіргі таңда ардагер, отставкадағы полиция подполковнигі, жедел-іздестіру саласында 30 жылдан астам қызмет атқарған, өз ісінің майталманы. Осы орайда айта кетсек, бауыры Талғат Таукеновте Академияда біраз жыл қызмет еткен отставкадағы полиция полковнигі. Ал 11 жасар ұлы Әділхан физика-математика лицей мектебінде 4-сынып оқушысы. Самбомен айналысып, түрлі жарыстарға қатысады. Салауатты өмір салтын ұстанған бұл отбасында адалдық пен жауапкершілік әрдайым бірінші орында қала бермек.

Ал мереке қарсаңында алған естен кетпес сыйлығы, кафедра ұжымының табыстаған орхидея гүлі мен жолдасының дәстүрге айналдырған қызыл раушан гүлдері деп еске алады. Ал өміріндегі басты сый-құрмет ол өзінен түлеп ұшқан курсанттарының бүгінгі таңда жоғары білімді салада қызмет етіп жүргені қуантады. Шәкірттерінің алғырлығы мен талпынысына қарап-ақ, еңбегінің еш кетпегенін аңғарады.

-Жауапкершілік кез келген жұмыста, әрбір салада, әр қызметкерге ең алдымен керек қасиет деп есептеймін. Білім мен адалдық та болуы міндетті. Ал тәжірибелі маман болуың үшін тоқтаусыз іздену керек, – деді Айгүл Таукенова.

Погондағы ханыммен сөйлескен аз уақыт ішінде осы жолды таңдағанына еш өкінбейтінін, оның әйел ретіндегі үлкен энергиясын сезіндік. Тәжірибелі қызметкер, білікті басшы ретіндегі жауапкершілігі мен шеберлігін психологтарша өте түсінікті, қарапайым тілмен айтқан сөздерінен ұғындық.

Бір атап өтерлік жағдай, погондағы ханым қызмет еткен жылдары ІІО үздігі, төсбелгілері және медальдарымен бірнеше рет марапатталған.