ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында спорт шеберіне үміткер, қоян-қолтық ұрыстан және самбодан болашақ чемпиондарды жаттықтырып жүрген оқытушы, полиция қызметкері жұмыс атқарады.
Тәуелсіздік құрдасы, полиция майоры Бағдат Жандауов ішкі істер органдары саласында қызмет атқаруды бала күнінен армандаған. 2009 жылы Қостанай академиясына оқуға түскен ол оқуды тәмамдаған соң осы жолда қызмет атқарды. Ең алғаш курс бастығының орынбасары қызметінен бастаған ол, кейіннен дене шынықтыру даярлығы кафедрасының оқытушы лауазымына дейін жоғарылады.
Жұмыста беделді, өз ісіне жауапты қызметкер болса, отбасында ол қамқор әке. Мамандық таңдаудан қателеспеген Бағдат, жар таңдаудан да қателеспеді. Бүгінде жары Адия Жандауовамен бірге екі бүлдіршіндерін өсіріп отыр.
— Мен өзімді бақытты адаммын деп есептеймін. Себебі армандаған мамандығымның иесі болып, көзінде жалыны бар спортшы балаларға өзімнің біліміммен бөлісіп, үлкен жетістіктеріне қол жеткізуге қолымнан келгенше көмек бергенім. Ең бастысы ата-анам, бауырларым, аяулы жарым мен балаларымның қасымда аман жүргені. Бұл менің ең басты байлығым, менің осы жылдардағы үлкен жетістігім.-дейді Б.Жандауов. — Мен барша қазақ елін келе жатқан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтағым келеді. Еліміздің Көкбайрағы бейбіт аспан астында желбіреп, әлемге таныла берсін! Мен Тәуелсіздіктің құрдасы болғанымды мақтан тұтамын!