Академияда қоңыржай көктемнің мерекелері  тойлануда…

«Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қол­ға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай,

Ерлердің ісі бітер ме?».- деп Махамбет жырлаған ерлердің күні бұл  7 мамыр – Отан қорғаушылар күні.

Баршаға мәлім, 1992 жылы 7 ма­мырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің  Жарлығымен тәуел­сіз қазақ елінің Қарулы күштері құ­рылды. 2012 жылы Мәжіліс депутат­тары 7 мамыр күніне мемлекеттік мереке мәртебесін беру туралы заң жо­ба­сын бірауыздан мақұлдап, 7 мамыр қатардағы кәсіби мере­келердің бірі ретінде, жо­ғары мәртебеге ие болып, қоғамның басын біріктіруші халықтық мерекеге айналған болатын.  Аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілік есте сақтауға арналған ең қастерлі де мәртебелі мереке күн.

Биыл Ұлы Жеңіске 74 жыл. Жеңіс күні – бұл ұрпақ үшін үлкен ортақ мереке. Бұл Жеңіс бізге оңай келген жоқ. Біздің парызымыз – бұл күнді ұмытпай, әрқашан есте сақтау. Отан үшін жанын аямай, зор қайсарлық, батырлық, ерлік көрсеткен батырларды бүгінгі күнде еске алу, есімдерін тарихта жаңғыртып отыру – біздердің парызымыз! Олар – біздің мақтанышымыз! Осыған орай 2019 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының акт залында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шаралар өткізілді.

Академияның акт залы құрметті ардагерлерге, профессорлық-оқытушылық құрам және қызметкерлерге толы болды. Алғашқы сөз кезегі Қостанай академиясының бастығы полиция полковнигі Нұрлан Биекеновке берілді. Полиция полковнигі Нұрлан Биекенов Академияның ардагерлерін, профессорлық-оқытушылық құрам мен қызметкерлерді мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар Ардагерлеріміз Ш.Қабылбаевтың төс бегісімен, алғыс хаттармен, грамоталармен марапатталды. Профессорлық-оқытушылық құрам мен қызметкерлер Ішкі істер министрінің, Академия бастығының бұйрықтары бойынша грамотамен, құрмет грамотасымен, мерзімінен бұрын шен алу, алғыс хаттармен және тағы да басқа марапаттармен мадақталды. Келесі сөз кезегі Ардагерлер кеңесінің төрайымы Бисулу Мұқажановаға берілді. Бисулу Мұқажанова акт залында жиналған барша қауымды мерекелерімен құттықтап, оларға өлең шумақтарын тарту етті.

Тамаша іс-шара Академия аруларының мерекелік концертімен өз жалғасын тапты. Концертте «Алтын дала» музыкалық ұжымы би билеп, қызметкерлеріміз өлең айтып, бейнеролик көрсетіп,  құттықтау тілектерін білдірді. Отанымыздың тыныштығын қорғап, еліміздің көркейіп, өркендеу жолында еңбектеніп жатқан ағаларымыз бен інілеріміз қаншама десеңші!  Ал, бүгінгі біздің бейбітшілікте тыныш өмір сүруіміз аталарымыздың ерліктері мен батырлығының арқасы.

Көктемнің шуақты тамаша мерекелі күндері құтты болсын! Аспанымыз ашық, елімізде береке-бірлік болсын!  Ел азаматтарына еңбекте шығармашылық табыс пен бейбіт өмірдің жеңістерін тілеймін!










Баспасөз қызметінің хатшысы

О.Уақпаева