«Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» атты әдеби сазды кеші

«Қызметке қатал, тәртіпке мықты Шәкең 

 сезімге қатты берілгіш жан еді. Ұлы Абай

 айтқандай, жақсы ән мен тәтті күйді

 жанына серік етті. Ән мен күйді беріле

тыңдап, содан ляззат алып, рахаттанып қалушы еді».

«Егемен Қазақстан», 04 .03. 1998ж.

Аты аңызға айналған генерал Шырақбек Қабылбаевтың 111 жылдық туған күніне орай, кітапхана қыркүйек айынан бастап курсанттар арасында «Тұғыры биік тұлға» атты кітап көрмесін, Шырақбек Қабылбаев сағатын, «Өнегелі ғұмыр» Шырақбек Қабылбаевтың кітап көрмесіне шолу, енді міне, Шырақбек Қабылбаевтың өміріндегі әдебиет пен өнер «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» атты дәстүрге айналған әдеби сазды кеш шарасын ұйымдастырып,өткізді.

Іс-шараның мақсаты Шырақбек Қабылбаевтың өнегелі өмірі мен адал қызметі, оқығаны да тоқығаны да мол, жан-жақты  білімді де парасатты «Сегіз қырлы бір сырлы» жан болғаны, уақыттың тығыздығына қарамай өнер, поэзия саласында да өз үлесін қосқаны жөнінде кеңінен насихаттау, үлгі ету.

Әдеби сазды кеш барысында Шырақбек Қабылбаевты жақсы білетін, қызметтес болған серіктері мен дос-жарандарының жылы лебіздері, өмірі мен қызметін бейнелейтін фото-материалдар топтамасы жайлы бейнеролик көрсетілді.

Мінезі құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тән қызметке қатал,тәртіпке мықты жан болып көрінгенмен, озық туындыларды, ән мен жырды жанына серік етті. Қазақстандық жазушылар мен ақындардың, орыс және шетел шығармаларын ерекше ықыласпен оқыды. Бірқатар белгілі авторларға өздерінің өмір тарихы, мол тәжірибелері мен жүріп өткен жолдары, әр кезеңде жазылған күнделіктері мен жазбаларын жинақтап, автобиографиялық туынды жазуға ой тастап, өз пікірін білдірді.

Кештің сәні болған 2-3 курстың өнерпаз курсанттары Рассказова Тамила, Конваева Камила, Қилыкешов Айдос «Шырақбек Қабылбаев» атты естеліктер жинағынан үзінділер оқыды, ал Синолицина Вероника Ш.Қабылбаевтың жеке кітапханасы туралы қазақ тілінде шолу жасады. Ерболат Лашын мен Белялова Дана Шырақбек аталарына арналған жыр шашуларын арнаса, Мұратбекова Әйгерім, Тұрсын Ерсін, Ерболат Лашын тамаша әндер шырқап, Сарсенәлі Рүстем мен Нұркүшева Мадина «Ерке сылқым», «Балбырауын» күйлерін шебер орындап өнерлерімен көрерменді  тәнті етті. Кешті Талғатқызы Диана мен Құсайынова Айнұр қос тілде жүргізді.

Әдеби сазды кешке Академия бастығының орынбасары С. И.Қаракүшев қатысып, көрермен ретінде болған 1-3 курс курсанттарына Шырақбек Қабылбаевтың өмір жолы мен қызметі тарихты білгісі, өткен заманнан тағлым алғысы келетін қазіргі жеткіншек сіздер үшін үлгі, әрі өнеге. Оқуда үздік, өз ісінің шебері ғана емес, адамгершілігі жоғары, оқыған, жан-жақты болашақ полиция қызметкері болыңдар деп өз тілегін білдірді.

Әдеби сазды кеш өз  мәресіне жетіп, көрермендер тамаша көңіл-күйде тарқасты.

Жалпы кітапхана