СПОРТТЫҢ ӨЗІ БІР ҒЫЛЫМ

Расында да ізденген адам үшін көп сұрақтың шешімін табу қиынға соқтырмайды. Бір бастан екі бас жақсы дегендей спортымыздың дамуы үшін жұдырықтай жұмылып, бас қосып, спорт өміріндегі өзекті мәселелерін, келеңсіз жайттарды бұқпасыз ашып талқылау ертеңгі жастарымыздың физикалық тұрғыдан мықты, әрі дені сау болып өсуі үшін бірден — бір септігін тигізері анық.
2019 жылғы сәуір айының 17-ші жұлдызында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы басшылығының қолдауымен жауынгерлік және дене дайындығы кафедрасының «Палуан» атты ғылыми-зерттеу үйірмесі «Жастар жылына» ұйымдастырылған «Жастар өміріндегі спорттың рөлі» тақырыбына арналған ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді.
Ғылыми-практикалық конференциямыздың есігін ашып, жиын барысында қара қылды қақ жарып, қатысушыларымызды әділ бағалаған комиссия мүшелері қатарында ҚР ІІМ Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Каракушев Сәлімгерей Иманғалиұлы мен ЖжДД кафедрасының бастығы, полиция майоры Абдрахманов Мәди Бахытбекұлы және Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы «Олимпиадалық резервті даярлау орталығының» басшысы Смоляный Владимир Алексеевич сияқты аға буындарымыз сап түзесе, құрметті қонақтар қатарында Академиямыздың ғылыми-зерттеу және редакциялық-баспа жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Табулденов Әлібек Нұрмағамбетұлымен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының магистратура бастығы, PhD докторы, полиция майоры Қайнар Ерболат Ержанұлы төрімізден орын алды.
Конференциямыздың негізгі идеясы курсанттар мен оқытушыларымыз арасында байланыс орнатып, ғылымға көңіл аудару және де құқық қорғау органдарындағы спорттың және жастар өміріндегі спорттың басты мәселелеріне назар аударып, оның шешу жолдарын ұсыну, талқылау болып отыр.
Бүгінгі таңда спортпен айналысып жатқан жас жеткіншектеріміз күннен — күнге көбейіп келеді, осындай өскелең ұрпаққа сапалы жаттығулармен және кәсіби біліктілікпен дене тәрбиесін бере аламыз ба, спорт секцияларының жаттықтырушылары лайықты дәрежеде сапалы дене тәрбиесін бере ала ма, курсанттармен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өмірінде спорт тақырыбының алатын орны қандай немесе қаншалықты қажет, деген секілді маңызды сұрақтардың бір шешімін табуға әр қатысушы өз баяндамасын бағыттап зерттеген.
Үйірмеміздің әр мүшесі осы ауқымды тақырыптарды егжей-тегжейлі ашып, комисия мүшелерімен талқылады. Қонақтар арасынанда көкейтесті мазалап жүрген сұрақтар қойылып, қозғалып жатқан мәселенің шешімдері табылды деп те айтуға болады.
Әрбір ғылыми жұмыспен комиссия мүшелерін таныстыру аясында академиямыздың әр түрлі спорт секцияларының белсенді курсанттары өздері құлшына айналысатын спорттарының ең қажетті де керекті қырларын қонақтармен көрермендерге паш етті. Қай-қайсысын алсаңда жұрт қарап ел сүйсінетін керемет спорт түрлері арасында оқу ошағымыздың беделді қызметкері, оқытушысы Айдарбек Абдуғалиұлы шыңдаған еркін күресі палуандары, және кафедрамыздың білікті маманы Ержан Айтбайұлының дайындауымен қазақ күресі, самбо және көне түркі тілдес халықтарының төл спорты болған белбеу күресінің палуандары, кафедрамыздың оқытушысы Бағдат Қаменұлы жетекшілік еткен дзюдо күресінің, сондай-ақ кафедрамыздың беделді бапкері, оқытушысы Руслан Тұрсынұлы бастаған қоян-қолтық ұрысының палуандары боз кілемде өнер көрсетіп халықтың қошеметіне ие болды.
Қозғалған тақырыптар арасында көңілге ерекше ой салған Әмірхамза Аягөз Мұсажалелқызы жазған «Біліктілігі төмен бапкерлердің жеке клубтарды ашып жасөспірімдерді дайындаудағы тудыратын қауіпі» атты баяндамасы көрермендердің қызу талқылауына түсіп, келген қонақтар мәселенің өзектілігін түсінді. Шешім шығару барысында аталмыш тақырып 1-орынға ие болды. Мұндай жүлдеге ие болған себебі ғылыми-практикалық конференциямыздың ең ауқымды мәселесі болып отыр. Бұл тақырыптағы қойылған сұрақтар қазіргі танда Республикамыздың әр өңіріндегі спорт өмірінде кездестіруге болады. Біліктілігі төмен бапкерлер ол тек спортта ғана емес, сонымен қатар өскелен ұрпақтың өміріне де өзінің зардабын тигізуде. Өйткені жаттығу барысында жасөспірімдерге физикалық тұрғыдан оның жасына, салмағына қарамастан ауыр мөлшерде күш салып, денсаулығына зиян тигізуі мүмкін немесе әдістерді үйретуде қауіпсіздік шараларын сақтамауы осы сұрақтардың туындауына әкеліп отыр. Сол секілді басқада баяндамалар комиссия мүшелерімен бір жақты сараланып өз дәрежесіне сай марапатталды.
Бұл ғылыми-практикалық конференциямызды қорытындылай келе, жастар өміріндегі спорттың маңыздылығы және осы саладағы проблемалардың шешу жолдарын табу болатын. Спортта тек физикалық дайындықпен емес сонымен қатар ғылыммен де бет бұрған курсанттарымыз бұл жиынға жоғарғы дәрежеде атсалысып өз үлестерін қосты. Бұл жастардың спортпен қоса ғылымға деген бет бұрысына бірінші қадам болып табылады.
Қорытындылай келе:
I-дәрежелі дипломмен 3-курс курсанты Әмірхамза Аягөз Мұсажәдедқызы, ғылыми жетекшісі: ЖжДД кафедрасының бастығы, полиция майоры Абдрахманов Мәди Бахытбекұлы.
II-дәрежелі дипломмен 3-курс курсанты Болатов МиразОразбайұлы, ғылыми жетекшісі: кафедра оқытушысы Өтенов Бағдат Қаменұлы.
III-дәрежелі дипломмен 3-курс курсанты Әділ Ілияс Сұңғатұлы, ғылыми жетекшісі: кафедра оқытушысы Ақылбеков Айдарбек Абдуғалиұлы.
III-дәрежелі дипломмен 2-курс курсанты Мусагалиева Жазира, ғылыми жетекшісі: полиция майоры Сыздыков Серік Серікбаевич.
Арнайы номинациялық грамоталарымен марапатталған:
«Баяндаудың ерекшелігі үшін» Қуанышбек Қазына Ерболқызы, ғылыми жетекшісі: кафедра аға оқытушысы, полиция майоры Кабидуллинов Ержан Айтбайұлы.
«Баяндама тақырыбының өзектілігі үшін» Әмірхамза Аягөз Мұсажәлелқызы, ғылыми жетекшісі: ЖжДД кафедрасының бастығы, полиция майоры Абдрахманов Мәди Бахытбекұлы.
«Баяндама тақырыбының жаңалығы үшін» Болатов Мирас Оразбайұлы, ғылыми жетекшісі: кафедра оқытушысы Өтенов Бағдат Қаменұлы.
«Баяндаудағы шеберлік шешендігі үшін» Арынов Қажымұқан Асқарұлы, ғылыми жетекшісі: кафедра аға оқытушысы, полиция подполковнигі Кенжекиев Мұрат Сабырұлы.
«Баяндалған материалының мазмұндылығы үшін» Қажығалиева Диана Мұратқызы, ғылыми жетекшісі: кафедра бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Таңқыбаев Руслан Сайлауұлы.
«Баяндауындағы инновациялық тәсіл қолданғаны үшін» Алтынов Ораз Асланбекұлы, ғылыми жетекшісі: кафедра оқытушысы Исергепов Құрманай Шаймағамбетов.
«Баяндалған материалының ғылымдылығы үшін» Мусагалиева Жазира, ғылыми жетекшісі: кафедра оқытушысы, полиция майоры Сыздыков Серік Серікбайұлы.
«Үздік ғылыми баяндама үшін» Әділ Ілияс Сұңғатұлы, ғылыми жетекшісі: кафедра оқытушысы Ақылбеков Айдарбек Абдуғалиұлы.
«Палуан» ғылыми үйірмесінің жетекшісі полиция майоры Кабидуллинов Ержан Айтбайұлының айтуы бойынша спортпен ғылымын қатар алып жүрген аталмыш үйірмемен 2018-2019 оқу жыл аралығында көптеген іс-шаралар өткізіліп, біршама мәселелердің шымылдығы көтерілді. Солардың бірі алғашқы өткізген іс-шарамыз 1-4 курс курсанттары арасында Қазақстан халқының тілдер мерекесіне байланысты XX-шы дәстүрлі мерейтойлық ғылыми-тәжірибелік олимпиадасы атап өткізілді. Сайыстың мақсаты курсанттардың дене шынықтыру пәніне деген қызығушылығын арттырып, ой-өрісін дамыту, ”Алтау ала болса ауыздағы келет, төртеу түгел болса төбедегі келет” дегендей олимпиаданың ерекшелігі курсанттар арасындағы ауызбіршілікті және ынтымақтастықты арттыру болып табылады.
Бұл іс-шарадан кейін, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының және халықаралық ұжымдық ынтымақтастық, қарым-қатынасты жақсарту мақсатында Ресей федерациясы Рязань қаласындағы жазаларды орындау федералдық қызметінің академиясының дене шынықтыру және спорт кафедрасы, Вологда қаласындағы жазаларды орындау федералдық қызметінің құқық және эканомика Вологод институтының дене тәрбиесі кафедрасы және еліміздің Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының дене дайындығы кафедралары арасында желілі түрде «Скайп» бағдарламалық қамтамасыз ету көмегімен онлайн режимде дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараға қатысқан Қазақстан Республикасы ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының жауынгерлік және дене дайындығы кафедрасының сол кездегі бастығы лауазымында болған, полиция полковнигі Өтенов Бағдат Қаменұлы, Ресей ЖОФҚ академиясының дене шынықтыру дайындығы және спорт кафедрасының бастығы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, ішкі қызмет полковнигі Анкудинов Николай Викторович, Ресей ЖОФК құқық және эканомика Вологод институтының дене тәрбиесі кафедрасының бастығы, ішкі қызмет полковнигі Комиссаров Евгений Леонидович және Қазақстан Республикасы ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының дене дайындығы кафедрасының бастығы, полиция полковнигі Асаинов Сакен Уралұлы өздерінің баяндамаларымен сөз сөйлеген болатын.
Дөңгелек үстел барысында барлық жоғары оқу орындарының спорттық бағыттағы кафедралардың қызметіне қатысты проблемалық мәселелер және оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, тәрбие және спорт жұмысында одан әрі даму және ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.
Келесі кезекте «Палуан» ғылыми ұжымының дайындаған ғылыми жұмыстары өз арамызда қызу талқылауға салынып, таңдалған тақырыптардың маңыздылығын, өзектілігін ашып, бағыт-бағдар көрсетіп Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің және Ішкі істер министрлігінің байқауларына жолданылды. Атап айтсақ, Білім министрлігі өткізген байқауға 3 курсантымыз іріктеуден өткен болатын: кафедра бастығы полиция майоры Абдрахманов Мәди Бахытбекұлы жетекшілік еткен Әмірхамза Аягөз Мұсажалелқызы дайындаған «Біліктілігі төмен бапкерлердің жеке клубтарды ашып жасөспірімдерді дайындаудағы тудыратын қауіпі» баянаты және кафедра оқытушысы Ақылбеков Айдарбек Абдуғалиұлы жетекшілік еткен Бакитжанова Фариза Ержанқызы жазған «Қазіргі таңдағы курсанттардың дене дайындығына көзқарасы» және де кафедра бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Руслан Танқыбаев жетекшілік еткен Диана Қажығалиеваның «ҚР ІІМ ведомстволық оқу орындары курсанттары мен жоғарғы оқу орындары студенттерінің дене дайындығындағы ерекшеліктер мен айырмашылықтары» атты ғылыми жұмыстары алдыңғы қатардан көрінді. Ал Ішкі істер министрлігінің өткізген байқауында 2 курсантымыз сынақтан өткен болатын: кафедра аға оқытушысы, полиция майоры Кабидуллинов Ержан Айтбайұлы жетекшілік еткен Әмірғали Мадина дайындаған «ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының спорттық жетістіктерін талдау және қазіргі кезеңдегі даму перспективалары» атты баянаты жәнеде кафедра оқытушысы Өтенов Бағдат Каменұлы бастаған Болатов Мирас Оразбайұлының «Кросфит кaк эффективное средство рaзвития физических кaчеств нa примере курсaнтов Костaнaйской aкaдемии МВД Республики Кaзaхстaн имени Шрaкбекa Кaбылбaевa» атты тақырыптары іріктеуден өтіп мерейімізді үстем етті. Осыдан шектеліп қалмай ғылыми-зерттеу үйірмеміздің мүшелері академиямыздағы кафедралармен ұйымдастырылған дөңгелек үстелдерде және басқа ұжымдардың ұйымдастыруымен болған түрлі конференцияларға қатысып марапаттау тұғырында көрінген болатын.
Бүгінгі жиын осы жылды қорытындылайтын іс-шара болып табылады. Мұндай ғылыми-практикалық конференция академия қабырғасында өткізілгені және де өз дәрежесіне лайықты болғаны қуантарлық жайт болып отыр. Көптеген қатысушылардың арасынан іріктеліп алынған сен тұр мен айтамын дей алатын әмбебапты шыңдалған «Палуан» ғылыми үйірмесінің мүшелері өздерінің алғырлығымен әліде талай байқауларда топ жаратынына сеніміміз мол.









Жауынгерлік және дене дайындығы кафедрасының
«Палуан» ғылыми зерттеу үйірмесінің баспасөз бөлімінің
3 курс курсанттары Ілияс Әділ және Аслан Алнашов
«Палуан» ғылыми үйірмесінің жетекшісі
полиция майоры Ержан Кабидуллинов