Білікті тренер арнайы сертификатына ие болды

2019 жылдың 18-19 сәуірінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» атты республикалық дәріс-семинары өтті.

Дәріс-семинар мақсаты – латыннегізді  қазақ  әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын,  емле нормаларының ғылыми негіздерін ересек аудиторияға оқыта, түсіндіре алатын білікті тренерлер дайындау.

Республикалық шараға Алматы қаласының А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, Ph.D докторанты Маралбек Ермұхамет және Тіл тарихы және диалектология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Пашан Дана Мұсабекқызы және де Нұр-Сұлтан қаласының Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Мамырбек Гүлфар Мәжітқызы, Қостанай қаласының «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Талапова Гүлнар Маратқызы тыңдаушыларға жаңа әліпби мен емле ережелері бойынша дәрістер оқып, практикалық сабақтар өткізді.

Сондай-ақ, арнайы келген IT-мамандар тыңдаушыларды осы уақытқа дейін жасалған жаңа инновациялық жұмыстармен таныстырды. Мәселен, Qazlatyn.kz сайтынан қазақ әліпбиінің латын графикасына көшу барысы жайындағы барлық деректермен хабардар болуға мүмкіндік бар.  Алғаш рет машиналық оқыту негізінде тілді оқытуға арналған веб-сервис – Tilqural.kz порталы мемлекеттік тілді әртүрлі инновациялық тәсілдер арқылы оңай әрі жылдам үйренуге жол ашады. iOS, Android үшін ойын түрінде құрастырылған Zerek bala, ILES, Jasyryn sóz, Sózdi tap, Sóz álemi 5 мобильді қосымшасы жаңа әліпбиді меңгеруге, сауатты жазу дағдысын қалыптастыруға арналған.

Семинар барысында тыңдаушыларға    қазақ әліпбиінің қысқаша тарихы,  графикасы мен құрамы,  әріп-фонема арақатынасы,  қазіргі айтылым және жазылым нормалары туралы ақпарат берілді. Бұл өз кезегінде тренерлердің ересектерге латын әліпбиін үйрету кезінде  мүмкіндіктерін арттырып, білімін толықтырады. Жаңа емле ережелерін үйрету барысында инновациялық педагогикалық технологиялар мен  әдіс-тәсілдердің ғылыми-iзденушiлiк және оқу-әдiстемелiк қағидалары қолданылды.

Он екі сағаттық семинар нәтижесінде тыңдаушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Олардың қатарында ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы мемлекеттік тіл бөлімшесінің инспекторы Ерполат Ақмарал Ерғалиқызы республикалық семинарға қатысқандығын растайтын арнайы сертификатқа ие болды. Сертификат алған облыс мамандары әрі қарай халық арасында оқу-ағарту жұмыстарын жүргізуге, өз мекемелерінің қызметкерлеріне жаңа әліпби мен емле ережелерін түсіндіруге құқылы.

Өз кезегінде,  Академияда тұңғыш болып латыннегізді қазақ әліпбиі мен емле ережелерін оқытуға құқық беретін арнайы сертификатқа ие болған Ақмарал Ерғалиқызын барлық әріптестері атынан құттықтап, алдағы қызметіне табыстар тілейміз.

Мемлекеттік тіл бөлімшесі