Парасаттылыққа бір қадам

Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы 18 сәуір күні «Парасатты полицей» байқауын өткізді. Оған күндізгі оқу факультетінің 1, 2 және 3-курсының командалары қатысты. «Таныстыру», «Мен жастарға сенемін» және «Дарындылар додасы» деп аталатын үш кезеңнен тұратын сайыс көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Алғашқы айналымда командалар өздерін таныстырып, мақсаттарын айқындаса, екінші кезеңде «Жастар жылына» арналған сахналық қойылымдар ұсынды. Ақтық айналымда қатысушыларға «Қазақ заңдары», «Қазақ тарихы», «Қазақ киносы» сынды тақырыптарды қамтитын сұрақтар қойылды.




Сайыста әр команда өзіндік тосын сыйымен көзге түсті. 2-курстың «Жалынды жастар» командасы сахналық қойылымда сыбайлас жемқорлықтың ащы зардабын әсерлі жеткізе білсе, 1-курстың «Алаш ұландары» ішкі істер органдарының ел тыныштығын қорғаудағы рөлін ерекше сомдай алды. Аталған үш кезеңнен де сүрінбей өтіп, жоғары ұпай жинаған 3-курстың «Қабылбаев ұрпақтары» командасы сайыс қорытындысы бойынша 1-орынға лайықты деп танылды.

Басты мақсаты – полиция қызметкерлері арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырып, кеңінен насихаттау; болашақ тәртіп сақшыларының бойына елі мен тіліне деген сүйіспеншілік орнату; қоғамда полиция қызметкерлері жөнінде оң имидж қалыптастыру болып табылған конкурс аса әсерлі өтті.

Сайысқа белсенді қатысып, өнер көрсеткен командаларды Академия бастығы, заң ғылымдарының докторы, полиция полковнигі Нұрлан Амангелдіұлы Биекенов Грамотамен марапаттады. Өз сөзінде: «парасаттылық» ұғымының мейлінше тереңдігіне, оның жылдар бойында оқып-білудің, өмірден көріп-түюдің, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренудің нәтижесінде қалыптасатынына тоқталды. Сондықтан да оның, негізінен, орта немесе егде жастағы адамдарға қатысты айтылатынын ескертті. Ал курсанттарымыздың бүгінгі жарқын шарасын осы жолда жасалған маңызды қадамның бірі ретінде бағалады.

Құрбанәлі Елмұратов,

Мемлекеттік тіл бөлімшесінің бастығы