Жастар жылы аясындағы іс-шара

ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында 2019 жылдың 18 сәуірінде күндізгі оқыту факультетінің курсанттары арасында «Парасатты полицей» байқауы өтті. Іс-шара Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың Жолдауында бекітілген Жастар жылы аясында ұйымдастырылды. Байқауға 1 курс курсанттарының «Алаш ұландары», 2 курстың «Жалындаған жастары» және 3 курстың «Қабылбаев ұрпақтары» командалары қатысты.

Байқаудың мақсаты – Академия курсанттары арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын арттыру және мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, болашақ тәртіп сақшыларының бойында Отанына, еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ояту. Сонымен қатар қоғамда полиция қызметкерлері туралы оң имиджді қалыптастыру.

Байқау «Таныстыру», «Мен жастарға сенемін», «Дарындылар додасы» атты кезеңдерден тұрды.

Таныстыру кезеңінде болашақ тәртіп сақшыларынан құрылған командалар өздерін қысқаша таныстырып өтті. Олар түрлі бейнекөрсетілімдер көрсетіп, көрермендер назарын өздеріне аударды.

«Мен жастарға сенемін» атты екінші кезеңде командалар «Жастар жылы» тақырыбын сахналық қойылым негізінде ашып көрсетіп, өздерінің алғырлықтары мен актерлік шеберліктерін паш етті.

Соңғы «Дарындылар додасы» кезеңінде байқауға қатысушы командалар тарих, спорт, ән-жыр, кино, әдебиет сынды сұрақтарға жауап беріп, өздерінің білімдерін таразыға салды. Толық әрі нақты жауап берген командалар әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды.

Әділқазылардың шешімімен 1 орынды «Қабылбаев ұрпақтары» иеленді. Тиісінше 2 орынға «Жалынды жастар» командасы ие болса, 3 орынды «Алаш ұландары» алды.

Байқау соңында Академия бастығы заң ғылымдарының докторы, полиция полковнигі Нұрлан Амангелдіұлы командаларды грамотамен марапаттады. Академия бастығы өз сөзінде курсанттардың оқып, білім алып, елге адал қызмет етулерін тілге тиек етіп, «парасаттылық» ұғымының мейлінше тереңдігіне, оның жылдар бойында оқып-білудің, өмірден көріп-түюдің, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренудің нәтижесінде қалыптасатынына тоқталды. Сондықтан да оның, негізінен, орта немесе егде жастағы адамдарға қатысты айтылатынын ескертті. Ал курсанттарымыздың бүгінгі жарқын шарасын осы жолда жасалған маңызды қадамның бірі ретінде бағалады.

Мемлекеттік тіл бөлімшесі