Менің өндірістік  тәжірибем

Жаңа толқын, жаңа леп деп, Көксу ауылында орналасқан АК-159/9 мекемесінде  өндірістік тәжірибеден өткен мен, курсант Бексултан Еркебуланұлы Советов басымнан өткен оқиғалар мен мекеме ұжымына айтар алғыстарым жайында баяндағым келеді. Биыл мамыр айында диплом алып, түлеп ұшқалы отырған Қостанай қаласының Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының 4 курс курсантымын.




Бұл алғашқы практикалық тәжірибем Қарағанды облысы бойынша  ҚАЖД АК-159/9 мекемесінің режим бөлімінде толыққанды маман ретінде жұмыс атқарумен қызықты, әрі танымды өтті. Барлық нәрседе мекеме ұжымы қол ұшын беруге әзір тұрды. Жұмысымның ең негізгі бағыты сотталғандарды тәрбиелеу, қоғамға дайындау, қылмыс жасағандарын сезіндіріп, қайта қылмысқа бармауын санасына жеткізу. Бұл жерде тәртіп те, талап та бар. Бәрі сол тәртіпке бағынады, талапты орындайды. Бүгінде тәуелсіз елдің азаматы ретінде мен де қоғамға пайдалы іс, берекелі еңбек еткім келеді. Заң бұзушылықтардың болмауын қадағалап, алдын-алу жұмыстарын атқаруға үміт артамын. Білімімді жетілдіріп, практика жүзінде жүзеге асыруыма аз ғана уақыт мол себебін тигізді.

АК-159/9 мекемесінің тізгінін ұстаған азаматтары мен бірлігі бекем ұжымы жоғары біліктілігі мен мол тәжірибелік кеңестерін аямай, үйреткені көп, берері мол, түсіндірері шексіз болғаны қуантты. Мекеменің режим бөлімінде әр күнім Академия қабырғасында жинаған білімімді ұштауға әсерін тигізіп, арнайы контингенттің психологиялық және моральдық жағдайын зерттеп   білуге дағдылады.

 Сапқа тұрып, жоғары лауазымды басшылыққа есеп беру, жұмыс барысында күнтізбелік жұмыс ретін тапсырып, белгілі көрсеткіштерге ие болу таңсық дүние болмаса да, шынайы өмірде болып жатқаны бойыма жоғары жауапкершілік артқаны сөзсіз.

Ұлт қорғау, ұлт қауіпсіздігін арттыру, Отанға қызмет ету — мен тандаған мамандығымның басты талабы. Алайда, білім ордасынан түлеп ұшқан біз, ертеңгі күнімізді осы талаптардың негізінде құрғанымыз абзал. Патриоттық сезім мен борышымызға деген адалдық алдағы буыннан аманат.

Практикалық тәжірибемді арттыру мақсатында, АК-159/9 мекемесінде әрбір болып жатқан шараға үздіксіз ынтамен қатысып, белсенділік танытуға асықтым. Сотталғандармен сұхбат жүргізіп, олардың бостандықтан тыс жердегі ойлары мен көңілдеріне зерттеу жүргізуге үйрендім. Өзіммен бірге өндірістік тәжірибеден өтуге осы мекеме қабырғасына курстастарым А.О.Аширбеков пен Н.Б.Молдакашева келіп, мекеменің өзге де бөлімдерінде жұмыс атқарды. Бір-бірімізге тіреу болып, тәжірибе алмасуға асыққан біз бауырлас болып, достығымыз нығая түсті. Арамыздағы ару Н.Б.Молдакашева жасақ бастығы қызметін атқарып, сотталғандармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардық жағдайы мен індеттерін зерттесе, курсант А.О.Аширбеков жедел бөлімінің тапсырмаларын тиянақты орындап, жылдамдығы мен біліктілігін шыңдады. Режим бөлімінің шараларына қанық болған мен, сол бөлімнің қызметкерлерінің жұмысына көңілім толып, алға қойған мақсаттарыма жету жолдарын осы азаматтарыдың іс-әрекеттерімен байланыстырдым. Өйткені бұл азаматтар әр ісіне жауапкершілігі жоғары екенін дәлелдеп, көп жылдар бойы заң бұзушылықтарды қысқартуға еңселі еңбек еткендері анық болды. Осындай өндірістік тәжірибеден өткен мен үшін аталмыш мекеме қабырғасындағы күндер үлкен мектеп болып, үйретері көп болып, алғысым артты. Алдағы уақытта осы азаматтармен бірге атқарған жұмыстарымды өнеге етіп, келешек жұмыстарымда үлгі етуге тырысамын.

полиция қатарындағы,

4 курс курсанты

Советов Бексұлтан